Допты хоккей: «Ақжайық» жоғары лиганың финалдық турниріне жолдама алды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – «Ақжайық» бүкілресейлік жарыста жоғары лиганың финалдық турниріне жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Николай Шавалдин жаттықтыратын оралдықтар екінші топта «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасымен бірге жолдамаға ие болды.

Ресей допты хоккей федерациясының сайтынан мәлім болғандай, тағы бір үміткер клуб – «Маяк» (Краснотурьинск) бүгін Первоуральскіде «СКА-Свердловск» командасынан 2:5 есебімен жеңіліс тауып, 54 ұпаймен үшінші орында қалды.

Осылайша батысқазақстандықтар Орынборда «Локомотив» командасымен өткен соңғы ойынға дейін-ақ финалдық кезеңге жолдама алды.

«Орынбор» стадионында болған матчта «Ақжайық» бірден алға ұмтылып, команда сұрмергені, ресейлік легионер Максим Пахомов есеп ашты. Бұдан кейін айдын иелерінен Сергей Ромашов таразы басын теңестіргенімен, Сергей Башаев, М.Пахомов және Қуаныш Темірәлин есепті 4:1-ге жеткізді.

Екінші таймда М.Пахомов төрт мәрте, Андрей Гущин, Петр Грибанов бір реттен мергендігімен көзге түсті. «Локомотивтен» тағы да С.Ромашов қос голдың авторы атанса, Алексей Баданин бір доп енгізді.

Қорытынды есеп – 10:4, «Ақжайықтың» пайдасында.

Бұдан бұрын суперлигада да өнер көрсетіп, өткен жылы «Ақжайыққа» қосылған Максим Пахомов осы маусымда қарсыластар қақпасына 73 доп соғып, үздік көрсеткішке қол жеткізді.

Екінші топта оралдықтар 58 ұпай жинады. 56 ұпаймен екінші орында тұрған «Знамя-Удмуртия» ғана бүгін соңғы бәсекесінде «Динамо-Қазан-2» командасын жеңсе, «Ақжайықты» басып оза алады.

Жоғары лигада үш топ болса, соның әрқайсысынан қос үздік команда финалдық турнирге қатысады.

«Ақжайық» спорт клубының директоры Мерей Қанибетовтың айтуынша, барлығы алты команда суперлигаға берілетін жалғыз жолдаманы сарапқа салады.

Финалдық сайыстың өтетін орны кейін анықталады.

1976 жылы кәсіби клуб ретінде құрылған «Ақжайық» бұған дейін өз тарихында төрт дүркін финалдық сайыстардың қола жүлдегері атанған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» өз тобында көш басына көтерілгенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар