Допты хоккей: «Ақжайық» тартысты матчта «Никельщик» командасын ұтты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүкілресейлік жарыстың жоғары лигасында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» «Никельщик» (Верхний Уфалей) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қос команда екінші топта төртінші-бесінші орындарды бөлісіп, бір-бірімен құйрық тістесіп келе жатқан-ды.

«Жастар» стадионында тартысты өткен матчта бірінші таймда қонақтар 2:0 есебімен алға шықты.

Ойынның екінші бөлігінде айдын иелері таразы басын өздеріне аудара білді. Бас бапкер Николай Шавалдинге жаттықтырушы есебінде қолұшын беріп жүрген тәжірибелі хоккейші Еламан Әліпқалиев қос голдың авторы атанды. Тағы бір допты «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиев соқты.

Бұл бәсекеден кейін 33 ұпай жинаған оралдықтар төртінші орынға көтерілді.

Ертең қос команда екінші кездесуін өткізеді. Бұл батысқазақстандық клубтың осы маусымдағы соңғы ойыны болмақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» «Маяк» командасын екі ойында да тізе бүктіргенін, Оралда допты хоккейден республикалық жарыс мәреге жеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар