Допты хоккей: «Ақжайық» ресейлік команданы тағы да ұтты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста «Ақжайық» «СКСО СКА-Свердловск» командасымен екінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жастар» стадионында өткен матч, бірінші ойынға қарағанда, әлдеқайда тартысты болды.

«Ақжайықтың» жас шабуылшысы Азат Бектұрған бірінші минутта-ақ есеп ашты. 21-минутта ресейлік легионер Сергей Пантеев мергендік танытып, 2:0-ге жеткізді. Дегенмен 42-минутта меймандардан Алексей Борисов есепті қысқартты.

Екінші таймда 56-минутта команда капитаны Максим Өтебалиев айырмашылықты қалпына келтіргенімен, үш минуттан кейін Михаил Калистратов, 63-минутта Никита Нелеп гол соғып, таразы басын теңестірді - 3:3. Бұдан кейін ресейлік Максим Пахомовтың қос добына свердловскілік хоккейшілер (Денис Багаев) бір ғана голмен жауап қайыра алды.

Осылайша аса тартысты өткен матчта «Ақжайық» 5:4 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойыннан кейін 24 ұпаймен оралдықтар екінші топта бұрынғыша бесінші орында келеді.

Николай Шавалдиннің шәкірттері келесі кездесулерін «Жастар» стадионында турнир кестесінде 36 ұпаймен екінші орында келе жатқан «Маяк» (Краснотурьинск) командасымен өткізеді. Бұл топта «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасы 41 ұпаймен көш басында тұр.

«Ақжайық» спорт клубы директорының міндетін атқарушы Армат Меңдешевтің айтуынша, Ресейдің жоғары лигасында үш топ болса, соның әрқайсысынан үздік екі команда финалдық сайыстарға жолдама алады. Содан кейін суперлигаға шығу үшін күш сынасады. Екінші топта «Знамя-Удмуртия» мен «Маяк» командалары өзгелерден оқ бойы озып кеткендіктен, батысқазақстандық клуб биыл да финалдық сайыстардан тыс қалып отыр деуге болады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» ресейлік команданы ірі есеппен тізе бүктіргенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар