Допты хоккей: «Ақжайық» Ресейдің «Маяк» командасын тізе бүктірді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден бүкілресейлік жарыстың жоғары лигасында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» «Маяк» (Краснотурьинск) командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал допты хоккейінің түлегі Олег Чернов жаттықтыратын «Маяк» екінші топта 36 ұпаймен екінші орында келеді. Демек, финалдық сайыстарға берілетін қос жолдамадан үміткер команданың бірі.

Айдын иелері ойын тізгінін бірден қолға алып, 21-минутта ресейлік легионер Максим Пахомов 12 метрлік пенальтиді мүлтіксіз орындап, есеп ашты. 29-минутта Петр Грибанов 2:0-ге жеткізгенімен, тайм соңына таман «Маяктан» Михаил Дунаев есепті қысқартты.

Екінші таймда Дмитрий Липин таразы басын теңестіргенімен, одан кейін әбжіл қимылдаған «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиев, М.Пахомов және Болат Мұхит оралдықтарға жеңіс сыйлады - 5:2.

Жексенбі күні қос команда екінші кездесуін өткізеді.

Ұпай санын 27-ге жеткізген батысқазақстандық клуб турнир кестесінде «Никельщик» (Верхний Уфалей) командасымен төртінші-бесінші орындарды бөлісуде. Биылғы чемпионаттағы соңғы ойындарын 20-21 ақпанда Николай Шавалдиннің шәкірттері нақ осы командамен өткізеді.

Бір айтатын жайт, оралдықтар маусым барысында сырт айдындарда бірде-бір ұпайға ие бола алмады (бұған ресейлік төрешілердің қазылық етуі де әсер етті). Есесіне өз айдынында әзірге ұпай жоғалта қойған жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» ресейлік команданы екі рет ұтқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар