Допты хоккей: «Ақжайық» өз айдынындағы соңғы кездесуін жеңіспен аяқтады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден Ресей чемпионаты жоғары лигасында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» бүгін биылғы маусымдағы өз айдынындағы соңғы кездесуін өткізді.

Батысқазақстандықтар «Динамо-Қазан-2» командасымен екінші ойында да басымдылық көрсетіп, 7:2 есебімен жеңіске жетті. Бұл кездесуде «Ақжайықтың» капитаны, Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Ескендір Нұғманов бес бірдей доптың авторы атанды. Сондай-ақ Самат Аманшин мен Сергей Башаев бір-бір голдан енгізді.

Осы матчтан кейін 44 ұпай жинаған «Ақжайық» екінші топта әзірге бірінші орында келеді. Алайда басқа командалардың ойыны кем, сондықтан оралдықтарға финалдық сайыстарға қатысуға мүмкіндік беретін алғашқы үштікке ілігу қиынға түседі. Өйткені олар қалған төрт кездесуін сырт айдында топ жеңімпаздығынан үміткер мықты командалар болып есептелетін Орынбордың «Локомотиві» және Саратовтың «Универсалымен» өткізеді.

Айта кетейік, «Ақжайық» өз айдынындағы кездесулерінің біреуінен («Универсалмен» ғана тең ойнады) басқасының бәрінде қарсыластарын ұтты. Есесіне сырт айдындағы ойындарында сәтсіз өнер көрсетіп, бар болғаны төрт ұпайға қол жеткізді.

Соңғы жаңалықтар