Допты хоккей: «Ақжайық» Орынбордың «Локомотивін» тағы да ұтты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста Оралдың «Ақжайығы» бүгін Орынбордың «Локомотивімен» екінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жастар» стадионындағы матч бұл жолы өте тартысты өрбіді. Бірінші таймда 5-минутта «Ақжайық» құрамындағы ресейлік легионер Сергей Пантеевтің 12 метрлік айып добын «Локомотивтің» қақпашысы Никита Немытов қайтара білді. Дегенмен тағы бір легионер Максим Пахомовтың пасынан кейін 26-минутта «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиев есеп ашты. Әйтсе де 39-минутта «Локомотивтен» Евгений Мехонишин таразы басын теңестіріп кетті.

Екінші таймда 61-минутта Самат Аманшин бұрыштамадан доп бергеннен кейін М.Пахомов жеңіс голын соқты - 2:1. Бұл ойыннан кейін 18 ұпай жинаған Николай Шавалдиннің шәкірттері екінші топта бұрынғыша бесінші орында келеді.

«Ақжайық» хоккейшілерінің 25 қаңтар - 2 ақпан аралығында Швецияның Венерсборг қаласында өтетін әлем чемпионатына қатысуына байланысты оралдықтар үшін біріншілікте біраз үзіліс болады. Енді олар алдағы кездесулерін 4-5 ақпанда Қазанда «Динамо-Қазан-2» командасымен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын батысқазақстандық клубтың «Локомотивті» тас-талқан етіп ұтқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар