Допты хоккей: «Ақжайық» «Маяк» командасын екінші рет ұтты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден бүкілресейлік жарыстың жоғары лигасында ойнайтын Оралдың «Ақжайығы» «Маяк» (Краснотурьинск) командасымен екінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жастар» стадионындағы матч барысында айдын иелері бірінші таймда 1:3 есебімен есе жіберіп жатты.

Есесіне екінші таймда оралдық маман Николай Шавалдиннің шәкірттері жауапсыз бес доп соқты. Әсіресе, ресейлік легионер Максим Пахомов төрт голдың авторы атанды (ол 12 метрлік пенальтиді екі рет мүлтіксіз орындаса, біреуінде соққан добы қақпадан қиыс кетті). Андрей Гущин мен команда капитаны Максим Өтебалиев бір-бірден мергендік танытты.

Осылайша батысқазақстандық клуб 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Бұл ойыннан кейін ұпай санын 30-ға жеткізген оралдықтар чемпионаттағы соңғы кездесулерін 20-21 ақпанда өз айдынында «Никельщик» (Верхний Уфалей) командасымен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» Орал допты хоккейінің түлегі Олег Чернов жаттықтыратын «Маяк» командасын тізе бүктіргенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар