Допты хоккей: «Ақжайық» көш басындағы команданы ірі есеппен ұтты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста «Ақжайық» «Маяк» (Краснотурьинск) командасын қабылдап, ірі есеппен жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маяк» екінші топта 54 ұпаймен көш бастап келе жатса, айдын иелері үшінші орында еді.

Бірінші таймды «Ақжайық» 3:1 есебімен аяқтаса, ойынның екінші кезеңінде қарқынды үдете түсті. Сөйтіп 10:3-ке жеткізді.

Оралдықтардан (бапкері Николай Шавалдин) ресейлік легионер Максим Пахомов хет-триктің авторы атанып, биылғы маусымда соққан гол санын 60-қа жеткізді. Сондай-ақ жас ойыншы Андрей Гущин де қарсыластың қақпасына үш доп енгізді. Ал Артем Лапшин, Александр Штеле, Петр Грибанов, Сергей Башаев бір-бір голдан соқты.

Орал допты хоккейінің түлегі Олег Чернов жаттықтыратын «Маяктан» Михаил Александров, Андрей Глазер, Евгений Игошин мергендік танытты.

Бұл матчтан кейін 49 ұпай жинаған «Ақжайық» бұрынғыша үшінші орында келеді.

Ертең оралдықтар өз айдынындағы соңғы кездесуін осы «Маякпен» өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» «СКА-Свердловск» командасын екінші рет ұтқанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар