Допты хоккей: «Ақжайық» «Динамо-Қазан-2» командасын екінші кездесуінде де ұтты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» «Динамо-Қазан-2» командасын екінші кездесуінде де ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жастар» стадионында өткен матч біршама тартысты өрбіді.

Алдымен қазандықтардан Айрат Хаймурзин 12-минутта есеп ашты. Дегенмен алты минуттан кейін «Ақжайық» құрамындағы ресейлік легионер Сергей Пантеев таразы басын теңестірді. 20-минутта тағы бір ресейлік Александр Чкалов айдын иелерін алға шығарды - 2:1.

Екінші таймда 56-минутта қазандық Владислав Веселов есепті теңестіргенімен, төрт минуттан кейін Ресейден «Ақжайыққа» жуырда ғана келген Максим Пахомов мергендік танытты. 82-минутта «Ақжайықтың» капитаны Максим Өтебалиев ойын нүктесін қойды - 4:2.

Осылайша «Динамо-Қазан-2» командасын екі мәрте ұтқан оралдықтар екінші топта турнир кестесінде бұрынғыша алтыншы орында келеді.

Николай Шавалдиннің шәкірттері 27-28 желтоқсан күндері өз айдынында көш басындағы клубтардың бірі «Знамя-Удмуртия» (Воткинск) командасын қабылдайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» өз айдынында «Динамо-Қазан-2» командасын 5:1 есебімен жеңгенін жазған болатынбыз.

Бұл кездесуде Петр Грибанов пен С.Пантеев қос-қостан гол соқса, М.Пахомов тағы бір доптың авторы атанды.

Соңғы жаңалықтар