Допингпен күрес: Спортшылардың дауға ілігуі азая ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда допинг үшін жазаны барынша күшейту жоспарланып отыр. Ендігі күні заңсыз препараттарды қолданған спортшылармен бірге бапкерлер, жеке дәрігерлер, тіпті спорт функционерлері де жұмыстан шеттетіледі. Арнайы заң жобасында барлық әлеуметтік төлемдерді, сондай-ақ марапаттарды кері қайтару қарастырылған. Аталған құжат жақында Парламент Мәжілісінде бірінші оқылымнан өтті. Енді, оған тағы бірқатар өзгерістер енгізіледі деген жоспар бар. Дегенмен, еліміздің осы саладағы негізгі саясаты анық, ендігі кезекте спортшыларға ақшалай сыйақылар, қымбат көліктер мен кең пәтерлер оңды-солды берілмейді. ҚазАқпарат тілшісі жаңа заң жобасын сараптап, оған қатысты чемпиондардың пікірін білген еді. Әлем чемпионы Илья Ильинмен де тілдесудің сәті түскен.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ольга Шишигинаның айтуынша, заң жобасында пәтерді сыйға беруге қатысты норма өзгеріссіз қалатын болды. Әйтсе де тегін пәтер деген жоқ. Заң жобасына сәйкес, ондай баспана алдымен 10 жылға жалға беріледі. Осы уақыттың ішінде WADA допинг анықтамаса, оны спортшының меншігіне аударуға болады. Алайда ақшалай сыйақыдан айыру мәселесін әлі де қарастыру қажет. Сидней Олимпиадасының чемпионы ол ақшаны бөліп төлеуді ұсынып отыр. «Ақшалай сыйақы қалай қайтарылады? Негізгі мәселе - осы. Сыйақыны толығымен қайтару қиын ғой. Меніңше, ақшалай сыйақыны бірден бермей, бөліп төлеуге болады. Әйтпесе, қыруар қаржыны беріп, артынан оны қайтаруды талап етсек, спортшыға үлкен салмақ түседі. Оны барлық титулдарын алып қояды, пәтерінен шығарып тастайды. Оның үстіне ақшалай сыйақыны қайтару қажет. Бұл - үлкен материалдық әрі психологиялық ауыртпалық. Мәселен, қазір бізде «спорттық зейнетақы» деген төлем бар. Мысалы, мен өзім Олимпиада алтыны үшін ай сайын 24 айлық есептік көрсеткіш (1АЕК - 2 525 тенге) көлемінде спорттық зейнетақы алып тұрамын. Бірақ оны алу үшін 20 жылдық еңбек өтілің де болуы қажет. Менің ойымша, спортшы Олимпиада чемпионы атанды ма, келесі айдан бастап ақшалай сыйақыны бөліп, спорттық зейнетақы сияқты беріп отыруға болады», - деді Ольга Шишигина ҚазАқпарат тілшісіне айтқан пікірінде.

Оның ойынша, қазіргі спорттық зейнетақының мөлшерін көбейту керек. Ал оған қажетті еңбек өтілін керісінше қысқартқан жөн. Әйтпесе, жас спортшы чемпион атанса да, зейнетақыны алу үшін тағы біраз уақыт жұмыс істеуге тура келеді. Соншама уақыттан бұрын жарақат алып жатқандар қаншама. Шишигинаның өзі спорттық мансабын аяқтағаннан кейін арнайы төлемді алу үшін тағы төрт жылдай еңбек өтілін жинауға мәжбүр болған екен. Ондай төлем қажет. Себебі спорттық зейнетақыны өмір бойы төлейді.

Заң жобасына сәйкес, допинг үшін спорттық зейнетақы ғана емес, спортшылар, бапкерлер мен команда жетекшілерінің ай сайынғы басқа да төлемдері тоқтатылады. Тіпті, халықаралық жарыстарда жарақат алғаны үшін берілетін жәрдемақыдан да айыру жоспарланған.

Сидней Олимпиадасының тағы бір чемпионы Ермахан Ыбырайымов допинг үшін жазаны күшейтуді толығымен қолдап отыр. Бапкер заңсыз препараттар жиі қолданылатын спорт түрлерін де атап берді. «Негізі, мен заң жобасында көрсетілген мәселелерді қолдаймын. Осы құжатты қабылдаса, спортшылар да, бапкерлер де, спорт жетекшілері де жазаны біліп, допингке жоламайды әрі өздеріне деген жауапкершілігі артады. Мәселен, Олимпиада ойындарынан келгеннен кейін сыйақыны береді ғой, сен допинг қолдандың да, жоқ па, әзірше жартысын ала тұр деген әңгіме жоқ. Оны алады да, бере салады. Бірақ ұсталған жағдайда ол ақшаны қайтару керек болады. Енді, допинг жиі қолданатын спорттың түрлері бар, ол - жеңіл атлетика, жүзу, велоспорт, шаңғы, ауыр атлетика. Күресте де қолданып жатады. Бірақ оның ешбір қажеті жоқ», - дейді Е.Ыбырайымов.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, бүгінде шетелде допинг үшін қылмыстық жауапкершіліктер де көрсетілген екен. Көрші Ресей Федерациясы да аталған норманы енгізген болатын. Алайда спорт саласындағы сарапшылар ондай жазаның тиімсіз екенін айтып отыр. Себебі кей кезде табыстың көлемі допинг үшін тағылатын жазадан басым болып тұрады. Бұдан бөлек, фармакология саласындағы прогресс қылмыстық жауапкершіліктен оп-оңай құтылып кетуге мүмкіндік беріп отыр. Сосын адамды түрмеге отырғызу үшін оның әрекеті қоғам үшін қаншалықты қауіпті болғанын дәлелдеу керек. Допинг бойынша ондай дәлелдерді келтіру қиын. Содан болар, ҚР Бас прокуратурасы заң жобасында болған қылмыстық жауапкершілікті алып тастады.

Осы мақаланы дайындау барысында ҚазАқпарат тілшісі көптеген жас атлеттердің кумиріне айналған Илья Ильинге де хабарласып, спортшының жазаны күшейтуге қатысты пікірін білген еді. Илья аталған құжат туралы естімеген болып шықты. Бірақ барлық нормалармен танысқаннан кейін өз пікірін білдіруге уәде етті. «Шынымды айтсам, қазір оған уақыт жоқ. Алда Азия чемпионаты бар. Сол жарыста өнер көрсетемін деген үмітім бар. Қазір қатты дайындалуым қажет. Әзірше, ештеңе айта алмаймын. Бір айдан кейін комментарийді де, алдағы жоспарымды да айтып, сізбен бөлісемін», - деді И.Ильин.

Негізі, спортшылардың барлығы допинг үшін жазаны күшейту шараларын қолдайды. Бірақ спортшының алға қойған мақсатты тек орындаушы ғана екенін түсіну керек, дейді олар. «Халықаралық Олимпиада комитеті допинг үшін ұсталған спортшының барлық жетістіктерін жойып тастайды. Бұл - үлкен психологиялық соққы. 10 жылдың ішінде пәтерін алып қоямыз дейміз. Ал осы уақыттың ішінде оның жағдайы қалай болады? Жарақаттардан денсаулығы да сыр беретін шығар. Біз болсақ, алдымен мінберге шығарып, қол шапалақтаймыз. Елдің қаһарманы қыламыз. Ал ең соңында бәрін алып, жұрдай қылып қоямыз. Ондай спортшыға жұмыс табу да оңай емес. Бапкерлер болса, оны тастап, басқа спортшыны алып, жұмыс істей береді», - дейді спортшылар.

Соңғы жылдары қазақстандық спортшылар жыл сайын допинг дауына ілігіп келеді. Мәселен, өткен жылы 30-ға жуық қазақстандық спортшы дисквалификацияға ұшырады. Жаңа өзгерістер күшіне енгеннен кейін аталған көрсеткіш өзгереді деген сенім бар. Мәжіліске ұсынылған заң жобасының мақсаты да осы!

Соңғы жаңалықтар