Допинг дауына іліккен қазақстандықтар Олимпиада медальдарын қайтаруға асығар емес

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Олимпиада ойындары кезінде допингке қарсы ережелерді бұзған қазақстандық спортшылар Халықаралық Олимпиада комитетіне (ХОК) медальдарын қайтаруға асықпай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Еске салсақ, 2016 жылы ХОК-тың Тәртіптік комиссиясы мен Спорттық арбитражды сот (CAS) 2008 жылы Бейжіңде, 2012 жылы Лондонда өткен XXIX және XXX Олимпиада ойындарына қатысқан жеті қазақстандық спортшының көрсеткішін жойған болатын. Олар допингке қарсы ережелерді бұзғаны үшін жарыстан шеттетіліп, иеленген жүлделерінен айырылды.

«Алайда, ереже бұзған спортшылардың барлығы медалін қайтаруға асығар емес. Олимпиада жүлдесін толығымен қайтарған спортшылар қатарында Илья Ильин, Владимир Седов, Алмас Өтешов пен Зүлфия Чиншанло бар. ХОК талаптарын ең бірінші болып Илья Ильин орындағанын айта кеткен жөн», - деді ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінен.

Атап өтілгендей, зілтемірші Мария Грабовецкая қола медалін қайтаруға міндетті. Бірақ спортшы жүлдені қайтарудан және федерациямен байланысудан бас тартып отыр.

«Ирина Некрасова мен Майя Манеза да осы бағыттан таяр емес. Некрасова 2008 жылғы Олимпиада ойындарының «күмісін», Манеза 2012 жылғы Лондондағы доданың «алтынын» қайтаруы тиіс. Ал Светлана Подобедова 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының алтын медалін жоғалтып алғанын жеткізді. Медальді іздеу шаралары әлі де жалғасуда. 2008 жылғы Олимпиада ойындарында еркін күрестен күміс медаль иеленген Таймураз Тигиев те көптеген әріптестері секілді медальді қайтаруға асығар емес. Қазіргі таңда ол Ресей Федерациясының азаматы саналады. Сондай-ақ грек-рим күресінің шебері Әсет Мәмбетов Бейжіңдегі қола медалін қайтару туралы тәртіптік комиссия шешімімен келіспегендіктен, ХОК-қа арнайы хат жіберді», - делінген ақпаратта.

ҚР ҰОК ресми хаттарды 2019 жылдың 2 сәуірінде Ауыр атлетика федерациясына, 2019 жылдың 3 сәуірі күні Күрес федерациясына қайта жіберді.

«Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті ХОК Тәртіптік комиссиясының міндетті шешімдерін орындау туралы жұмысты жалғастыруда. ҰОК бекітілген тәртіптік ережелерді толығымен орындайды. Медальды қайтарудан бас тартып, ХОК талаптарын орындамау толығымен алғанда Олимпиадалық қозғалыс ережелері мен Олимпиада хартиясын орындамау болып табылады. Сол себепті, біз бірнеше рет біздің федерацияларды ережелерді толығымен орындауға шақырдық. ХОК медальды қайтару туралы бірнеше рет хат жіберді. Біз өз федерацияларымызға жолдадық. Соңғы сұранымдар ағымдағы жылдың сәуірінде жіберілді», - деді халықаралық қатынастар жөніндегі директор Әлімжан Ақаев.

Соңғы жаңалықтар