Дөнен бидің мөрі немересінің қолында сақталған

None
None
ЖАРКЕНТ. ҚазАқпарат - ХІХ ғасырдың екінші жартысында дүниеге келіп, ХХ ғасырдың басында өмірден өткен Дөнен бидің күміс жалатқан қола мөрі немересінің қолында сақталған, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Санасында тарихымыз туралы саңылауы бар азматтарға аян: І Петр кең-байтақ қазақ жерін билеп-төстеу мақсатында 1708 жылы генерал-губернаторлық бес буынды сатылы басқару жүйесін енгізді. Сол тәртіп бойынша ең төменгі ел билігіндегі қазақ билері де болыстар сияқты үш жыл мерзімге сайланып, оларға арнайы төсбелгілер мен аттары жазылған мөр ұстауға рұқсат етілген. Патша өкіметінің «Ережесіне» сәйкес, қазақ қауымы арасындағы 100 сомнан - 300 сомға (15 жылқы, 150 қой) дейінгі құны бар дауларды мөр ұстау құқығы берілген билер шешкен. Ал, құны одан асқан әр түрлі істер мен дау-жанжалдарды болыстық билер соты қарап, талқылаған.

Суан ішіндегі Елшібек руынан шыққан Дөнен би Бітегенұлы ел билігіне  ерте араласқан екен. Жастайынан сөзге шешендігімен, суырып-салма ақындығымен, оған қоса атбегілігімен әйгілі болған ол ағайын арасындағы алауыздықты ауыздықтап, ел ішіндегі тыныштықты сақтау мен бірлікті бекемдеу үшін  талай-талай тартысқа түседі. Әділдік жолында небір азулы би-болысты тілден тосылдырып, айтқыштығымен, адалдығымен алқалы топты аузына қаратады. Оның Найман, Албан, Жалайырлармен қатар қырғыз ағайындар арасындағы ел-жер дауларын шешкенде де табан астында тауып айтқан тапқырлығы, өрттей өлеңімен өңменінен өткізіп жіберген өктемдігі, қапелімде қиып түскен қылыш тілі туралы аңызға бергісіз әңгімелер өте көп. Ел ішінде:

                     Суанда жан озбаған Дөнен биден,

                     Қарсы айтар табылмаған дүйім елден.

                     Суырылып сөйлесе, тауып айтып,

                    Дауды шешіп тастаған бір өлеңмен, - деген жыр шумағы  әлі күнге дейін айтылатыны содан болса керек.  

Өле-өлгенше еліміздің береке-бірлігінің, жер бүтіндігінің қамын жеп өткен би атамыздың өзінен де:

                     Әділ деп атым шыққан Дөнен едім,

                     Нақылдың көрдің бе, әсте көнергенін.

                     Арғы атам Майқы биден қалғаннан соң,

                    Талай сөздің түбіне тереңдедім, - деген сөз қалыпты.

Сонымен бірге билік айтқанда қолданған күміс жалатқан қола мөрі де  ұрпағының қолында қалған екен. Оны бидің немересі Хауа әжеміз жүз жылға жуық уақыт көзінің қарашығындай сақтап, жаңа ғасырға дейін жеткізіпті. Қазір бұл құнды жәдігер  ардагер ұстаз, этнограф, ақын Молот  Солтанаевтың коллекциясында сақтаулы.

 

Соңғы жаңалықтар