Дональд Туск Қазақстанға сапармен келеді

None
None
БРЮССЕЛЬ. ҚазАқпарат - Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Туск 31 мамырда Қазақстанға келеді. Бұл туралы Еурокеңес басшысының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Д. Туск сапар барысында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездеседі.

«Өңірлік және екіжақты қатынаспен қатар, климаттың өзгеруі, қоршаған ортаны қорғау, шекараны басқару, сонымен қатар өңірлік қауіпсіздік мәселелері сапардың күнтәртібінде маңызды орын алады», - деді еуроинститут баспасөз қызметіндегілер.

Нұр-Сұлтан қаласындағы кездесуден соң Д. Туск «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне барады.

Сол күні Дональд Туск Қазақстан астанасынан аттанып, Ташкентке барады, онда Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзиеевпен кездеседі.

Бір күн бұрын, Еурокеңес басшысы Душанбе қаласында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен жолығуы тиіс.

«Д. Туск сапары Еуроодақтың өңірлермен және жекелеген мемлекеттермен серіктестік қарым-қатынасты нығайту жолын ұстанатынын білдіреді», - деп атап өтті Еуропалық кеңестің баспасөз қызметіндегілер.

Авторы Тимур Дүйсекеев

Соңғы жаңалықтар