Дональд Трамп коронавирус үшін Қытайға 10 трлн доллар төлетпек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы адамзат коронавируспен өмір сүруді үйренуі керектігін айтады. Жұқпалылығы 40% асатын «үнділік» штамға байланысты Ұлыбритания локдаунды толығымен алып тастау мәселесін қарастырар емес. АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Қытай коронавирустың келтірген зияны үшін 10 триллион доллар шығын төлеуі керектіні мәлімдеді. ҚазАқпарат бұл туралы ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Өз есептеулерінде әлем елдерінің ресми мәліметтерін пайдаланатын америкалық Джонс Хопкинс университетінің цифрларына сүйенсек, пандемия кезінде 173 миллионға жуық адам коронавируспен ауырған, 3,7 миллионнан астам адам қайтыс болды, 2 миллиардтан астам екпе жасалды.

ДДСҰ: мұнымен өмір сүруге тура келеді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың толық жойылуы айқын перспективаға ұқсамайтынын мәлімдеді.

ДДСҰ өкілі доктор Дэвид Набарроның айтуынша, вирус вакциналар немесе дәрі-дәрмектер арқылы жойылады деп үміттенбеу керек.

«Адамдар бұл вируспен өмір сүруді үйренуі қажет. Жаңа штамдар пайда болады, індет өршіп, жаңа ошақтары тіркеліп отырады. Біз оған үйренуіміз керек», - деді доктор Набарро Sky News телеарнасына берген сұхбатында.

Британия: карантин алынбауы мүмкін

Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон бай елдердің басшыларын 2022 жылдың соңына дейін өз тұрғындарына вакцина егу процесін аяқтауға шақыруға ниетті. Джонсон бұл туралы келесі жұмада Ұлыбританияның Корнуолл қаласында басталатын Үлкен жетілік саммитінде жариялайды деп күтілуде.

21 маусымда Ұлыбританияда әлеуметтік байланыстарға барлық шектеулер алынып тасталуы тиіс: түнгі клубтар ашылып, үйлену тойлары мен жерлеу рәсімдеріне қонақтар шақыру санына енгізілген тыйым күшін жоятыны күтілуде.

Бірақ Денсаулық сақтау министрі Мэтт Ханкок жексенбіде ВВС-ге берген сұхбатында үкімет шектеулерді алып тастау мәселесін әзірге ашық қалдыратынын айтты. М.Ханкок үкімет «21 маусымға дейін» шектеулерді алып тастамақшы болғанын, бірақ ол дәл сол күні орындалатынына ешқашан уәде бермегенін айтты.

Оның айтуынша, шенеуніктер мен дәрігерлер шешім қабылдамас бұрын жағдайды бақылайды.

Сонымен қатар, министр ауру жұқтырушылар санының өсуіне қарамастан, ауруханаға жатқызу жағдайлары іс жүзінде өспегенінін атап өтті. Бұл вакциналардың тиімділігін дәлелдейді. Вакцинаның екі дозасын шамамен 23,5 миллион британдық алған, 33,7 миллион британдық бір дозасын салдырған.

Ресми мәліметтерге сәйкес, жексенбіде инфекция жұқтырудың тағы 5341 жағдайы тіркелген. Соңғы 28 күнде коронавирустан 4 адам қайтыс болды.

Дональд Трамп: Қытай коронавирус үшін өтемақы төлеуі тиіс

АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп ұзақ уақыт бойы алғаш рет өз жақтастарының алдында сөз сөйлеп, Қытай АҚШ пен басқа елдерге коронавирус пандемиясы салдарынан болған адам шығыны мен залал үшін 10 трлн доллар төлеуі керектігін мәлімдеді.

«Баршамызға біріге отырып, «Қытай бізге төлеуі тиіс, тиіс!» деп мәлімдеу қажет. Сондай-ақ барлық мемлекет бас қосып, залалдың орнын толтыру үшін Қытайға 10 трлн долларды төлету қажет. Бұл, әрине, анағұрлым төмендетілген цифра», - деді экс-президент Солтүстік Каролинада өткен республикалықтардың конференциясында.


Соңғы жаңалықтар