Дональд Трамп 4 сәуірде сотта болуы керек

None
Фото: AP
АСТАНА. ҚазАқпарат – Дональд Трамп 4 сәуір күні Нью-Йоркте сотта болуы керек. Бұл туралы америкалық БАҚ жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.

Манхэттен Үлкен қазылар алқасының мүшелері бейсенбі күні АҚШ-тың экс-президентіне қылмыстық іс бойынша ресми түрде айып тағылуын дауысқа салған.

Дональд Трамп бұл жағдайды «саяси қудалау және тарихтағы сайлауға араласудың ең жоғарғы деңгейі» деп атаған. Ол осыған дейін де өзіне тағылып отырған айыптаулардың негізсіз екенін мәлімдеген-ді.

Бұрынғы вице-президент Майк Пенстің де пікірі осыған саяды.

«Америкалықтардың басым көпшілігіне бұл Манхэттеннің округтік прокуроры жүргізіп отырған саяси қудалау екені түсінікті деп ойлаймын. Ол нақты бір америкалыққа айып тағылуын кәдімгідей насихаттады», - дейді ол.

Ал, АҚШ Президенті Джо Байден әзірге бұл жайтқа қатысты ешқандай пікір білдірмеді.

Трамп ел тарихында қылмыстық іс бойынша айып тағылған алғашқы экс-президент болып отыр. Бұған дейін хабарланғанындай, себеп – 2016 жылғы сайлау науқанында порноактрисаға «ауызбастырық» берілуі.

Айта кетсек, АҚШ-тың экс-президенті Дональд Трамп 2024 жылы өтетін сайлауға қатысатынын мәлімдеді. Ол президент сайлауына түсуге ресми өтінішін 2022 жылғы қарашада берген болатын.

Трамптың алдағы сайлаудағы алғашқы бәсекелесі де белгілі. Оңтүстік Каролина штатының бұрынғы республикашыл губернаторы және АҚШ-тың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі болған Никки Хейли 2024 жылғы президенттік сайлауға түсуге дайын екенін мәлімдеген еді.

Еске салсақ, 2020 жылғы сайлауда Трамп қазір президент Джо Байденнен жеңіліп қалды.


Соңғы жаңалықтар