Домбыраның жеті түрі жойылып кеткен

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақ домбырасының даму тарихы туралы не білеміз? Ахмет Жұбанов пен ағайынды Романенколар бастаған энтузиаст топтың реформасы ұлт аспабының тағдырына қалай әсер етті? Ұлттық домбыра күні қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі осы сауалдарға жауап іздеп көрген болатын.

О баста қазақ домбырасы 9 пернелі болған деп айтылады. Әйгілі Өзбекәлі Жәнібеков жазбаларында осындай деректер келтіреді.

2008 жылы Моңғолия археологтары Алтайдың сол елдегі бөлігінен біздің заманымыздың V ғасырына жататын көне аспап тауып, кейін оны зерттеген Қаржаубай Сартқожаұлы елге көшірмесін алдырған болатын. Түрколог ғалымның айтуынша, сол «ата домбырада» да 9 перне болған.

Әйгілі мәдениеттанушы, күйші әрі жазушы Таласбек Әсемқұлов қазақ арасында домбыра пернесінің оғыз перне, бас перне, тылсым перне, еңірелі перне, жетім перне, жуас перне, көсем перне, мұңлық перне, даңғыл перне, емірелі перне, шешен перне, үйсіз перне, шағырмақ перне, құсар перне, Кет-Бұқаның пернесі, шыңырау перне, кәдесіз перне, табалдырық перне, тысқары перне деген сияқты 20-дан астам түрі кең тарағанын жазып кеткен (1-сурет)

Қазақ жеріндегі балбал тастардың арасында домбыраға ұқсас аспап ұстап тұрған бейнелер де кездеседі. Үңгірлер мен сынтастарда, қыш мүсіндерде де домбыра ұстаған адам бейнесі жиі кездеседі. Осыларға сүйеніп, домбарының тарихы 5 мың жылдан асады дейтін теория бар.

1-сурет


Сол замандардан бері домбыра оны кие тұтып, қастарлеп ұстаған халықпен бірге дамып, заман ыңғайына қарай бейімделіп отырғанын көруге болады.

Домбыра формасының, пернелер санының құбылып отырып жетуі түпкі тамырын сақ пен ғұннан алатын қазақ халқының даму тарихына қатты ұқсайды.

Қазақ домбырасы және Романенко

Домбыраның ғылым негізде реформаға түсуі Ахмет Жұбановтың кезінде болды. Қайраткер Ресейдің Тула өлкесіндегі аспап шеберлерінің әулетінен шыққан Борис және Эммануил Романенколармен бірлесіп, қазақ домбырасын оркестрге бейімдеуінен домбыра эволюциясының шешуші кезеңі басталады. Бұған дейін орыс халқының ұлт аспаптар оркестрін жасақтауға қатысып, ондағы халықтардың ұлттық аспаптарын еуропалық стандартқа икемдеу арқылы аттары шыққан ағайынды шеберлер қазақтың қара домбырасы мен қыл қобызын да біршама өзгеріске ұшырауына әсер етті.

Дегенмен, домбыра реформалау ісінде Эммануил Романенконың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болды десек, жаңсақ айтар едік. Бұл істің басы-қасында Ахмет Жұбановтың өзі болғанын айттық. Одан бөлек Қамар Қасымов сияқты майталман маман аспаптың төл қасиетінен мүлде ажырамауын қадағалап отырған.


Күйші Таласбек Әсемқұловтың күйші Қаршыға Ахмедиярұлынан алған сұхбаты бар. Оқырман назарына Қаршыға күйші көз жұмғаннан кейін ғана ұсынылған. Сол сұхбатта қазақ күйінің Қаршығасы ағайынды Романенколардың қолынан шыққан таңдаулы аспаптарды сынақтап өткізіп тұрғанын айтады.

«Кезінде консер­ва­то­рия­ның жанынан ашылған экс­пе­ри­менталдық шеберхана жақсы бағыт алған еді. Әйгілі шебер Эммануил Романенко домбыра жасайтын, белгілі композитор Бақытжан Байқадамовтың ғы­лыми кеңесшісі болатын. Мен шеберханада иллюстратор, яғни аспапта ойнап, сын айтатын маман болып жұмыс істедім. Мақтанғаным емес, осы күні тар­тылып жүрген сайдың та­сындай аз, жақсы аспаптар менен жолдама алып аттанған еді. Қазір ол шеберхананың жұ­мысы әлсіреді. О баста қазақ аспаптарын зерттеудің орталығына ай­нала ма деген үмітпен ашылған еді ғой», -деген Қаршыға Ахмедиярұлы.

Қазақ домбырасының пернелер саны артып, фортепиано сияқты кез келген нотаны үйіріп әкететін, әмбебап қабілетке ие болатыны осы тұс. 1933 жылы Музыкалық драма техникумының меңгерушісі Ахмет Жұбанов білім ошағының жанынан эксперименталдық шеберхана ашып, бірнеше шебер мен музыканттың көмегімен домбыра мен қобызды оркестрге бейімдеп шығарады. Кейін домбыраның осы стандарты бойынша Қарағанды облысының Осакаров кентінде, Алматы қаласында домбыраны конвейермен шығаратын фабрикалар іске қосылды.

Кәсіби күйшілер мен көнекөз өнертанушылардың арасында осы тарихи кезеңнің домбыра эволюциясына кері әсер еткен тұстары көп дегенге саятын пікір де бар. Мұдағы басты қисын - Романенко жасап шығарған құранды домбыра қазақтың музыка мәндениетін орыс халқының мәдениетіне икемдеп кетті дегенге саяды. Яғни, әйгілі шебердің өзі қазақ өнеріне еңбек еткеніне мақтанып өткенімен, бірінші кезекте «бұратана» халықтарға орыс мәдениетін сіңірген қайраткер болған.

Ал Қаршыға Ахмедиярұлы Ахмет Жұбанов құрған Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрін қазақтың ұлттық музыка мәдениетін ұстап тұрған алтын тіректің бірі деп бағалап кеткен. Ол ұлттық өнердің орталықтануы оның жүйелі дамуына себепкер болғанын айтып өткен.

«Нота жазу жүйесін сынап жатады... Қазақ тарихы – ауыр тарих. Біздің ұлттық мәдениеттің тағдырын жер бетінде ұқсасы жоқ тағдыр дер едім. Бізде, мысалы, күйшінің артында мұрагері қалмаса, өнері өзімен бірге көрге кіреді. Артық болар, кем болар – ақиқаты осы. Қол созым жерде тұрған ХІХ ғасырды ғана білеміз. Ар жағы ше? Егер қазақ халқы отырықшылықты ертерек игерсе, күйді, әнді, жырды хатқа түсірудің озық жүйесін меңгерген болса, кейінгі ұрпақ осындай қасіретке ұрынар ма еді? Кейбір ғалымдардың айтысына қарағанда, қазақ халқы өзінің рухани мәдениетінің жа­ры­мынан аста­мынан айрылыпты. Ал жер емшегін емген, жазба мәдениетті өрбіткен халықтардың бүкіл мұрасы мұрты бұзылмай қоймаларында сақтаулы жатыр. Осыдан кейін нота жазуына қарсы шыққандарға не дер едіңіз», - деген екен әйгілі күйші.


Бұған қарап, домбыраның қазіргі стандарты мінсіз деуге де болмас. Қазір елге танымал, қолына кие қонған домбыра шеберлерінің бәрі нейлон ішектің қазақты қоңыр үннен айырғаны дабыл қағып, айтып жүр. Мал ішегінен шығатын қоңыр үнді естіп көрмеген ұрпақ қалыптасып үлгерді.

«Ахмет Жұбановтың бастамасымен қолға алынған жобалардан ұтқанымыз – домбыра әр қазақтың шаңырағына фабрикалардан, бір стандарт бойынша тарады. Домбыраның үні әлемнің түкпір-түкпірінде ойнап, классикалық өнер екені мойындалды. Ұтылғанымыз – көптеген пернелерден айырылдық. Қашаған перне түсіп қалды. Нотамен алсақ, «до» мен «сидің» арасындағы сырылмалы пернелер жоғалды. Қазір технология дамып жатыр ғой. Жапония сияқты елдерде музыка аспаптарының ішегін экологиялық заттардан ширататын тәсілдер пайда болыпты деп естіп жатамыз. Біздің шеберлердің қолында ондай мүмкіндік болмай тұр. Мал ішегін де үзілметіндей етіп, жетілдіруге қазіргі ғылымның мүмкіндігі жетеді деп ойлаймын. Мәдениет жанашырлары осыны қолға алса екен. Сонда домбыраның қоңыр үні шанағына қайта қонар еді», - дейді домбыра шебері Сұлтан Мұсаев.

Бұл кісі бір жылдары Махамбет ұстаған «жорық домбыраны» тірілтуге талпысын жасаған болатын.

Тмат Мерғалиевтің өкініші

«Жорық домбыра» демекші, ХХ ғасырда қазақ домбырасының 7 түрі қолданыстан шығып қалған дейтін дерек бар. Осының ақиқатына жету үшін әйгілі деген бірнеше күйші мен домбыра шеберіне хабарласып көрдік. Атауларында алшақтық болғанымен бәрі, әр өңірдің домбырасының формасы, жасалу тәсілі өзге болғанын, соның бәрін қазіргі еуропалық стандартқа икемделген домбыра басып кеткенін растады. Сонымен жойылып кетті деп жүрген жеті домбыраның тізімі мынадай:

«Үш ішекті немесе қосбұрау домбыра. (Шығыс Қазақстанда көп кездескен. Соңғы нұсқасын Жарқын Шәкәрім ұстаған).

2. Қырғыздың қомызына ұқсайтын Алатау домбырасы. (Жамбыл домбыра деп те атайды. Кенен Әзірбаев, Жамбыл Жабаевтар ұстаған).

3.Арқаның тұмар домбырасы. (Үшбұрыш формалы, тұмар пішінді домбыра).

4.Балаларға арналған шіңкілдек домбыра. (Пішіні баланың қарымына оңтайлы, үні бала даусымен үндес болған).

5.Оңтүстік өлкедегі отырықшы жұрттың әйелдері ұстаған шертер немесе «бипыл» домбыра. (Беттақтайы терімен қапталатын немесе тақтай орнына тері керілген деседі. Бұл домбырадан мұра болып «Бипыл, бипыл, бипыл-ай, тартшы құрбым бір күй ай» деп Жамал Омарова айтатын ән қалған).

6.Еділ мен Жайықтың бойындағы Махамбеттің жорық домбырасы. (Қазіргі шеберлердің ішінде Махамбеттің домбырасын қайтадан жаңғыртуға әрекет жасаған жалғыз Сұлтан Мұсаев).

7.Қарапалпақ, Маңғыстау, Ішкі Түркіменстан халықтарында кездесетін оғыз домбыра. Қаржаубай Сартқожаұлы тапқан «ата домбыра» сол ежелгі оғыз мәдениетінің домбырасына жатады делініп жүр. Аңыз бойынша домбыра шебері бұл аспапты жеміс ағашынан шапқан. Шебер әуелі пісіп тұрған жемісін жеп, одан кейін ағаштан домбыра шапқан. Бұл домбыралардың басы жеміс берген ағаштай иіліп келуінде осындай эстетикалық сыр жатыр-мыс).

Қорыта айтсақ, домбыра бізге осы қалпында жетуі үшін талай өзгеріске ұшыраған. Сұлтан Мұсаев ұстазы Тмат Мерғалиевтің жаугершілік замандарда домбыраның талай түрі жоғалып, кейін оны өзге халықтар өз мәдениетіне икемдеп көшіргенін айтқанын еске алады.

Домбыраға деген қамқорлық ескерткіш орнатып, флешмоб ұйымдастырумен шектелмей, осындай олқы тұстардың орнын толтыруға бағытталса құба-құп.


Соңғы жаңалықтар