Домбыраны ұлттық аспап ретінде патенттеу қажет – ғалым

Фото: None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Бүгін – Ұлттық домбыра күні. Ұлттық өнерімізді қалай дамытамыз, домбыра аспабына үлкен-кішінің қызығушылығын қалай арттырамыз? Осыған орай домбырашы-ұстаз, «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Кенжеғалиев ҚазАқпарат тілшісінің сауалдарына жауап берді.

-Асқар Мұхамбетқалиұлы, домбыра үйреніп, күй өнерін меңгеруге не жетеледі, алдымен соған тоқталсаң?

-Мен өзім бала кезден домбыраға әуестендім. Жаңақала ауданы Қызылоба ауылында туып-өстім. Әкем Мұхамбетқали өнер адамы, ауылдық мәдениет үйінің директоры еді. Көптеген іс-шараларды ұйымдастырумен бірге домбыра тартып, сырнай, ұрмалы және басқа аспаптардың бәрінде ойнайтын. Ол кезде ауылда домбырашылар көп болатын. Ағайынды Нәсиболла мен Наурыз Батыровтар, күйші-композитор, дирижер Бақтығали Айтжанов, аудан орталығында Мамай Отарбаев, Теміреш Кереев секілді домбырашылардың өнеріне қызығып өстім. Сегіз-тоғыз жасымнан домбыра ұстадым. Алғашқы үйренген күйім – «Ерке сылқым». 1989 жылы тоғыз жасымда Алтынбек Қоразбаевтың сол кезде кеңінен таралған «Бозторғай» әнін сахнада алғаш рет орындадым. Ал «Ерке сылқымды» әкеммен бірге тарттым. Суретке де құмар болдым. Дегенмен домбыраға деген құлшынысым басымдау болды да, қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің мәдениет және өнер факультетінде Меңдіғаным Мергенбайқызы, Асқар Құсайынов сынды ұстаздардан білім алып, 2001 жылы үздік бітірдім. Міне, содан бері өзім де ұстаздық етіп келемін.

-Қазіргі кезде өзің де танымал ұстазсың, айтшы, жасты үйрету оңай ма, әлде үлкенді үйрету жеңіл ме?

-Бұл жерде мен айтар едім, бәрі де әркімнің қабылдауына байланысты. «Құлақ естімейді», «Құлағымызды аю басып кеткен» дейтіндер бар, мен онымен келіспеймін. Себебі қай адамның да құлағы естиді, көкірегі ояу. Тек соның түрлі жолдарын тауып, шәкіртті тәрбиелей білу керек. Бұл, әрине, мұғалімнің шеберлігін қажет етеді. Ересек адамдардың арасында айтқаныңды тез қабылдайтыны болады немесе керісінше. Әркімнің есту қабілеті өзгеше. Сондықтан методикалық құралды дұрыс пайдаланып, үйрете білу қажет. Балалармен қоса соңғы оншақты жылда түрлі жастағы адамдарды домбыраға жаттықтырып келемін. Олардың арасында 60-70 жастағы, сондай-ақ түрлі ұлттың өкілдері бар. Шетелдік компания қызметкерлерімен жұмыс істеп, байланыста болу үшін ағылшын тілін меңгеруге тура келді.

-Жыл басында домбыраңды арқалап, Америка асып, Хьюстон қазақтарына дәріс беріп қайтқаның белгілі. Осы сапар алға қойған мақсат үдесінен шықты ма, не түйдің?

-2016 жылы Ресейдің көршілес Саратов қаласында өз методикаммен қандас бауырларды домбыра үйретуге кірістім. Сонда тұратын Жазира Жақсыбаева деген әріптесім қолдау білдіріп, соның арқасында оркестр құрылды. Сол оркестр тіпті Мәскеуге дейін барып, өнер көрсетіп жүр.

Содан кейін АҚШ-тағы Техастың Хьюстон қаласындағы 2012 жылы ашылған қазақ мектебінің бар екенін білдім. Онда 200-ден астам шәкірт білім алып шығыпты. Сонымен қатар мектептен тыс жұмыс ретінде қазақ тіліне қоса ұлттық өнерге, салт-дәстүрге баулуға болады екен. Хьюстондағы қазақ диаспорасының жетекшісі Қуатбек Махумұлы мен мектептің басшысы Индира Мұханәлиевамен байланысқа шығып, сондағы балаларды домбыраға үйретуді мақсат етіп қойдым. 2018 жылы сол кездегі облыс басшысы Алтай Көлгіновке барып, ұсыныстарымды жеткізіп едім, ол аяқсыз қалып қойды. Дегенмен 2020 жылы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінен бастап Хьюстондағы қазақ балаларына онлайн сабақ беруді бастадым. Шәкірттерім домбыраны тез меңгеріп кетті. Енді алыстағы АҚШ-та оркестр құрып, өнер көрсетсек, шіркін деген арман оянды. Сол мақсаттың жетегінде өткен жылдың соңғы күні Америкаға аттанып, үш ай жарымдай болып келдім. Оркестр құрып, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күніне орай концерт қойдық. Нью-Йоркта АҚШ-тағы қазақтар бас қосқан мерекеде де өнер көрсеттік. Содан кейін Вашингтондағы «Абай орталығы» жетекшісінің орынбасары Ертай Сұлтанның шақыруымен Бостонға жол түсіп, Гарвард университетінде өткен Абай симпозиумына лекция-концертпен қатыстық. Сондағы бір байқағаным, университет студенттері жат музыка болса да, халықтық әуенді ықыласпен тыңдап, қызығушылықтарының мол екендігін байқатты. Міне, бұл біздің бағытымыздың дұрыс екендігін көрсетеді. Жалғыз домбыра емес, балалар қылқобыз, сазсырнайды үйренуді бастап кетті. Жалпы, мемлекет пен демеушілер тарапынан қолдау болса, шетелде қазақтар көп шоғырланған жерлерде дәстүрлі өнерге баулитын орталықтар ашуға болар еді.

-Қазақстан Күйшілер одағының төрағасы ретінде елімізде төл өнерімізді дамыту төңірегінде не айтар едің?

-Бірлестіктің құрылғанына үш жарым жыл, төраға болғаныма екі жылдай уақыт болды. Республикалық деңгейде жұмыстарымызды барынша атқарудамыз. Тоғыз филиалымыз құрылды. Әрине, әлі де жұмыс баяу жүріп жатқан өңірлер бар. Әсіресе, филиалдарды тіркеу жағынан әкімдіктер тарапынан қолдау болмай жатыр. Үкіметтік емес ұйымдар баршылық. Мәдениет министрлігі тарапынан біреуіне көп, екіншісіне аз көңіл бөлінеді. Көптеген іс-шараларды атқарғымыз келеді, бірақ бәрі қаражатқа тіреледі. Соңғы кезде Мәжіліс депутаттары шығармашылық одақтарды қаржыландыру мәселесін шешу жолдарын ұсынып жатыр, содан үміттенеміз.

Күй – қазақтың маңдайына біткен бірегей өнер. Сондықтан концерт, конкурстарға ғана қаржы қарастырмай, кең көлемде қолдау қажет. Әсіресе, ғылыми-зерттеу жұмыстарын қолға алмаса болмайды. Мысалы, күй кітаптарының көбі ескіріп кетті. Нота, дискілерді де реттеп, қайта бастырып, кеңінен таратса, күйдің аясы кеңейе түсер еді.

Тағы бір назар аударатын жайт, көптеген жиында көтеріп жүрміз, ең алдымен домбыраны патенттеу, яғни төлқұжатын жасату керек. Қазақтың ұлттық аспабы, бренді деп кеуде соғамыз. Бірақ оның қазақтікі екендігін дәлелдейтін құжат жоқ. Қазақтың қымызын басқалар патенттеп алды ғой. Егер осы күннен ыждағаттамасақ, домбыра да соның жолын құшуы мүмкін.

Содан кейін домбыра шығаратын арнайы фабрика, оның акустикасын зерттейтін үлкен орталық ашу керек. Қазір домбыра базарларда, тіпті түрмеде түрлі ағаштан жасалып жатыр, сапасына бақылау жоқ. Тағы бір айтарым, домбыраға қой ішегін қайтару қажет. Кеңес дәуірінде еуропалық шығармаларды орындауға, оркестрге лайықтап, жіңішкертіп, ішегін ауыстырды. Соның салдарынан домбыраның қоңыр үні жоғалды. Профессор-ғалым, марқұм Жұмагелді Нәжімеденов қой ішегін қайтару туралы айтудай-ақ айтып, кітабында жазып кетті.

Қазақтың көне өнері саналатын домбыраны әлемдік деңгейде насихаттау үшін шетелдердегі ірі-ірі университеттерде лекция-концерттер ұйымдастырса, оған арнайы мамандарды қосса дейміз.

Жалпы, қазақтың төл аспаптарын цифрландырып, заманауи қалыптарға көшіру жөнінде министрлікке арнайы хат жаздық. Шетелдік музыка мамандарын тарта отырып, домбыра, қобыз, сазсырнайларды пианино, скрипка секілді басқа аспаптар қатарында компьютерлік арнайы нота редакторлары бағдарламаларына енгізсе, артық болмайды. Сонда шетелдегі композиторлар өз үйінде отырып-ақ қазақтың музыкалық аспабын тыңдап, түрлі өңдеу жасар еді. Тіпті киноларға саундтрек ретінде пайдалануға мүмкіндік туар еді. Сол секілді IT мамандарының көмегімен қазақтың бастапқы қуыршақ театры саналатын ортекені мобильдік қондырғы ретінде жасап, патенттесе деген ойымызды Әділет министрлігіне жеткіздік. Міне, осындай мобильдік құрылғыларды да тиімді пайдалансақ, ұлттық өнеріміздің көкжиегі кеңейер еді.

-Соңғы сауал, кезінде әндерің де елге таралды, осы бағытта қандай жаңалықтармен бөлісер едің?

-Иә, ән жазатыным рас. Дегенмен бұған уақыт керек, ол басқа жұмыстарға кедергі келтіреді екен. Әннің сөзі және керек, оны дамыту қажет. Көптеген әндерімнің қаңқасы ғана сақтаулы тұр, сөзі жазылмаған. Болашақта бұған қайта оралатыныма сенемін.

-Әңгімеңе рахмет.



Соңғы жаңалықтар