Домбыраны әлемге танытқан тұлғалар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан жұртшылығы Ұлттық домбыра күнін алғаш рет атап өтуде. Халқымыздың ажырамас бөлігіне айналған бұл аспап - барша қазақ үшін қастерлі. Осы орайда, ҚазАқпарат тілшісі қазақтың қасиетті домбырасын елімізде ғана емес, алыс-жақын шет елдерде де танытқан тұлғалар туралы топтама ұсынады.

null Әміре Қашаубаев. Қамшының сабындай  қысқа ғұмырында Әміре тұңғыш рет Еуропада қазақ әнін шырқап, домбыраны күмбірлеткен өнер адамы ретінде тарихта қалды. Әнші 1925 жылы Париждегі ЭКСПО аясында өткен бүкіләлемдік музыкалық байқауда домбырамен ән салып, Еуропа көрермендерін тәнті етті және екінші орын мен күміс медаль иеленді. «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикаль» журналы оның сирек кездесетін талант екенін жазса, Сорбонна университетінің профессоры Перно фонографқа Әміренің орындауында бірнеше ән жазып алған.

Сондай-ақ, әнші 1927 жылы ән мен күйдің дүние­жүзілік байқауына Германияның Майндағы Франкфурт қаласына барып, Париждегідей екінші орын алып қайтты. Оның орындауындағы әндер өкілдері Ромен Роллан, Анри Барбюс және өзге де дүние жүзі мәдениетінің ірі өкілдерінен жоғары баға алған.

Әміренің Парижде эмиграцияда жүрген Мұстафа Шоқаймен кездесуі оның болашағына балта шапты. Кеңес­тік делегация ішінде қазақтың бар екендігін білген М.Шоқай қо­нақүйге келіп, Әміремен кездесіп, әңгімелескен. Әміренің қолы бос ке­зінде оған Парижді көрсеткен. Франциядан қуа­ныш­пен оралған Ә.Қашаубайұлы­на «М.Шоқайдың сыбайласы» деген айып тағылып, одан күн сайын жауап алып, соққыға жықты. Оның әріп­тестері мен достары Әміренің өмірінің соңғы он жылы азаппен өткенді­гін еске алады. 1934 жылы 6 қарашада Алматы көшелерінің бірінде Әміренің өлі денесі табылды.

null Дина Нұрпейісова. Қазақтың әйгілі күйші-композиторы Дина бала күнінде-ақ Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей,Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсаң сынды күйшілердің күйін нақышына келтіре тартып, «домбырашы қыз» атанған. Оны әйгілі Құрманғазы арнайы іздеп келген және болашағынан үлкен үміт күтіп, батасын берген. Додалы күй айтыстарына ертіп барып, домбыра тартудың терең сырларын үйреткен.

Дина өз үйнінен ұзатыларда әкесінің енші деп мінгізген қарақасқа атына арнап «Қарақасқа» ат» күйін шығарды. Өзі пір тұтатын күйшілері Дәулеткерей мен Түркешке еліктеп «Бұлбұл», «Жігер», «Байжұма» күйлерін шығарды, ақылды да айбарлы, сұлу да сырбаз абысынына арналған «Кербез» күйі, үлкен ұлы Жұрымбай 1916 жылғы «Июнь жарлығы» бойынша әскерге шақырылғанда тартқан «Он алтыншы жыл» («Набор») күйі, қадірлес замандастарына сүйсінуден туған «Қосалқа» күйі, баласы Қоңырға арнаған «Әсем қоңыр» күйлері Динаның өзіндік қолтаңбасын айқындайтын, барша қазақтың күй мұрасына айналды.

Дина Нұрпейісова 1937 жылы 75 жасында Мәскеуде Халық өнерпаздарының республикалық байқауына қатысқан. Кейінірек, 1944 жылы 83 жасында Ташкенттегі онкүндікте Дина тағы да жүлделі орындарды жеңіп алған.

null Нұрғиса Тілендиев. Дина Нұрпейісованың қолынан күй үйренгендердің бірі қазақтың біртума композиторы, дирижер, дәулескер домбырашы Нұрғиса Тілендиев еді. 1930 жылдары шөп үстінде домбыра тартып отырған бала Нұрғисаны композитор Ахмет Жұбанов байқап, Алматыдағы музыка мектебіне баруға кеңес берген. Зерек бала Чайковский атындағы музыка мектебіне қабылданып, фортепиано, домбыра аспаптарын шебер ойнауға машықтанған. Соғыстан елге оралған соң, Алматы консерваториясын, кейірінек Мәскеудегі Чайковский атындағы консерваторияның дирижерлік бөлімін бітірген.

Нұрғиса Тілендиевтің 500-ден астам ән, күй, романс, увертюра, поэма, кантата, опера, балет туындыларын есепке алмағанда, «Аққу», «Аңсау», «Арман», «Ата толғауы», «Әлқисса», «Қорқыт туралы аңыз», «Көш керуені», «Махамбет», «Фараби сазы» күйлері халықтың рухани қазынасын байытты. «Қыз Жібек», «Қилы кезең», «Менің атым Қожа», «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан» фильмдеріндегі тебіренткен сазды әуендердің де авторы - Нұрғиса Тілендиев.

1980 жылдары Нұрғиса Тілендиев «Отырар сазы» шағын ансамблін құрып, 1982 жылы бұл ұжымды оркестр санатына дейін көтерді. Оркестрдің құрамында домбыра мен қобыздан басқа, қазақтың жетіген, шертер, шаңқобыз, месқобыз, сырнай, сыбызғы, асатаяқ, дауылпаз сынды саз аспаптары бар. 1994 жылы оркестр Солтүстік Кореяда өткен дүниежүзілік өнер фестивалінде 1 орынды иеленіп, алтын жүлде алды. Оркестр Қазақстан қалаларында ғана емес, Иракта, Мароккода, Вьетнамда, Солтүстік Кореяда, Германияда, Испанияда, Түркияда, Сауд Аравиясында, Иорданияда және басқа да көптеген елдерде концерттер берген.

null Айгүл Үлкенбаева. Белгілі сазгер-күйші Нариман Үлкенбаевтың қызы Айгүл Үлкенбаева - қазақтың қара домбырасын  әлемге танытқан өнерпаз. Шығармашылықтағы еңбек жолын Қазақ академиялық халық аспаптар оркестрінде домбырашы болумен бастаған ол 1981 жылы ІІІ Республикалық Жас орындаушылар байқауында  - 1 орын, 1983 жылы Құрманғазы атындағы І Республикалық орындаушылар байқауында - 3-орын, 1986 жылы Баку қаласында өткен Гаджибеков атындағы халық аспаптарында орындаушылардың халықаралық байқауында 3-орын алған. 

Ал 1985 жылы Республикалық «Жігер» фестивалінің жүлдегері атанған. 1992 жылы  - «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының  лауреаты атанып, 1998 жылы - Республикалық күйшілер сайысының  Бас жүлдесін еншілеген.

null Асылбек Еңсепов.  Асылбекке де домбыраға деген сүйіспеншілік әкесінен дарыған.  Белгілі сазгер, күй дәстүрінің зерттеушісі Жасарал Еңсепов қазір ұлы Асылбек жалғастырып жүрген ДЭККО (Д-домбыра, Э- эстрада, К- күй, К -компьютер, О -орындаушы)  жанрының негізін қалады. Яғни, қазақ күйлерін компьютермен сөйлетіп, эстрадаға қосты.

Тың бағытпен танылған Асылбек Францияда өткен дүниежүзілік Бритон атындағы фестивальда лауреат атанды. Түркия мен Қырғызстанда өткен фольклорлық байқауда да бас жүлдені иеленіп, домбыраның мерейін асқақтатты. «Қазақстан Жастар одағы» сыйлығының және  «Тарлан», «Дарын» сыйлықтарының лауреаты, сондай-ақ «Жыл әні-Алтын диск» телевизиялық фестивалының жеңімпазы атанды. 2011 жылы Минск қаласындағы Республика сарайында Асылбек Еңсеповтың концерті өтті.

Ұлытау тобы. Этно-рок бағытында өнер көрсететін «Ұлытау» тобы әлемнің түпкір-түпкірінде концерт беріп үлгерді. Топты белгілі продюсер Қыдырәлі Болманов қазақтың домбырасы мен халық күйлерін әлемге таныту мақсатында 2001 жылы құрған болатын. Топ мүшелері домбыра, электр гитара және скрипка аспаптарын қолданады.

2001 жылы Голливудта өткен Бүкіләлемдік музыка орындаушыларының чемпионатында «Ұлытау» тобы Құрманғазының «Адай күйімен»  Бас жүлдені жеңіп алды, 2004 жылы әлемдік жұлдыздар санатындағы түрік әншісі Тарканның концертінде өнер көрсетті. Ал, 2005 жылы топ музыканттары Шешенстан Республикасы мен Ингушетия Республикасының Еңбек сіңірген және халық әртістері атағына ие болды.

 

null Димаш Құдайберген. Қытайда Singer 2017 ән байқауына қатысқан қазақстандық әнші Димаш Құдайберген шетелдіктер арасында үлкен танымалдыққа ие болды. Димаш Құдайберген әлемге белгілі кино актері Джеки Чанның алдында домбыра тартқан болатын. Сондай-ақ, ән байқауының жетінші кезеңінде Димаш «Дайдидау» әнін орындамас бұрын «Адай» күйін тартты.

Димаштың бұл жетістіктері шетелдіктердің домбыраға деген құрметін арттыра түсті. Димаштың арқасында шетелдіктер қазақ тілі мен домбыра курстарына жазыла бастаған. Бір топ қытайлық туристер Димаштың туған жері - Ақтөбеге және Астанаға сапарлады. 

Бастау тобы. Құрылғанына бір жыл толған «Бастау» тобы домбыраның көмегімен үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Биылғы наурыз айында «Бастау» тобы Латвия астанасы Ригада өткен «Еуропа музыкалық аспаптар» байқауының бас жүлдесін иеленіп, Голливудқа жолдама алды.

Мамыр айында Израиль елі, Иерусалимде өткен «Әлем музыкасы» халықаралық музыка фестивалінде бас жүлдеге ие болды. Бұл сайыста қазылар алқасының құрамында болған Нобель сыйлығы комитетінің мүшесі швециялық Михаил Казиник, Нью Йорктегі атақты «Метрополитен опера» театрының бас солисі Михаил Светлов, израильдік танымал композитор Вячеслав Ганелин «Бастау» дуэтінің өнеріне ерекше таңданыстарын жеткізген. Сонымен қатар «Бастау» тобы Түркияда өткен BRIDE TV телеарнасының музыкалық фестивалінде «Ең үздік музыкалық топ» деген арна марапатын иеленді.

Еске сала  кетсек,  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыру мақсатында шілденің алғашқы жексенбісін - Ұлттық домбыра күні деп белгілеу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар