Домбыра жасауға ең ыңғайлы ағашты таптым - германиялық Владимир Готман

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен ғасырда қазақ жері тағдырдың айдауымен келген бірнеше ұлт өкілдеріне пана болды. Олардың арасында тарихи отанына көшіп кетсе де, Қазақстанды ұмытпай, қазақтың өнері мен мәдениетін насихаттап жүргендер баршылық. Солардың бірі - Германияның Кирхленгерн қаласында домбыра жасаумен айналысатын Владимир Готман. ҚазАқпарат ХАА тілшісіне домбыра шеберімен әлеуметтік желі арқылы сұхбаттасудың сәті түскен еді.

- Владимир, балалық шағыңыз туралы естеліктер айтып беріңізші. Қазақстаннан неше жасыңызда көшіп кеттіңіз?

- Қазақстан туралы ыстық естеліктер қалыпты, тіпті ең бақытты шақтарым сонда өтті деуге болады. Мен Целиноград облысының Астраханка ауылында қазіргі Астанадан 120 шақырым жерде дүниеге келдім. Үш жасымда әкем Алматы мемлекеттік консерваториясына түсті де, отбасымызбен сонда көштік. Ал 25 жасымда Германияға қоныс аудардық. Өкінішке қарай, содан кейін Қазақстанға жолым түспеді. Барлығы жан-жаққа тарап кетті, жақын достарым да Франция мен Германияға көшті.
null 

- Домбыра жасауды кімнен үйрендіңіз? Ең алғаш жасаған домбыраңыз есіңізде ме?

- Бала кезімнен муызка мен музыкалық аспаптарға қызығатынмын. Үйімізде неше түрлі аспаптар болатын. Әкем сол консерваторияда оқытушы болып жұмыс істеді және кейінірек Алматы консерваториясының доценті болды. Ал менің суретім музыкалық мектептің құрмет тақтасына ілулі тұратын.

Мектептен кейін консерваториядағы әкеме жиі баратынмын , онда аспап жасайтын шеберхана қатты ұнайтын. Ағаштың музыкалық аспапқа айналуын өз көзіммен көріп өстім ғой. Әскерден оралған соң, домбыра жасайтыныма сенімді болдым, ол үшін шеберханаға жұмысқа тұру керек. Жасыратыны жоқ, әкемнің көмегімен орналастым (күлді). Осылайша, Мұса аға, Толғанбай, Серік, Нұрбек, Аман атты шеберлердің шәкірті болдым.

Алғашқы домбырам, әрине, есімде. Оны Марат досымның үйлену тойына сыйлағанмын. Домбыраның шанағына неке жүзіктерінің суретін салғаным да күні кешегідей есімде. Өйткені, ақ ниетпен, шын жүректен берілген сыйлық еді.

- Сіз жасаған домбыра мен қазақстандық мамандар жасайтын домбыралардың айырмашылығы бар ма?

- Айтарлықтай айырмашылық жоқ, барлық «құпияны» Қазақстаннан әкелдім ғой. Кей детальдарын ғана қосуым мүмкін, мәселен жақында лазер аппаратын сатып алдым. Енді ағашқа лазер фото салуды үйреніп жүрмін. Бір домбырама барыстың суретін салдым, өте әдемі болды. Материал жағынан да ерекшелік болуы мүмкін, мен домбыраны экзотикалық ағаштардан жасаймын.
null

- Иә, әлеуметтік желіде экзотикалық ағаштарды сынақтан өткізгеніңізді оқыдым. Соңында домбыра жасауға қай ағаш ыңғайлы болып шықты?

- Домбыраны африкалық, оңтүстік америкалық, канадалық, португалдық ағаштардан жасап, тәжірибе жүргізіп көрдім. Бәрінен де африкалық зебрано мен португалдық зәйтүн ағашы ұнады. Зебрано домбырасы көзге ерекше түседі, ал домбыраның дыбысы жақсы шығуы үшін зәйтүн ағашына жетері жоқ. Сол үшін де зәйтүн ағашы өзге ағаштардан қымбатырақ. Зәйтүн ағашынан жасалған домбырамды 300 евроға бағалаймын.

null

- Германияда домбыра сату идеясы қайдан пайда болды? Сатып алушылар көп пе? 

- Алғашында сату емес, сүйікті кәсібіме деген сағыныш пайда болды.  Германияға көшіп келгенде оған еш мүмкіндік болмады. Кейінірек, жаңа ортаға сіңісіп, тілдік кедергілерді еңсеріп, жұмысқа орналасып, үй салған соң, өз шеберханамды ашуды ұйғардым. Ал жақсы ағаштар қымбат бағаланады және басқа да ұсақ-түйектерді сатып алу керек. Сондықтан, негізгі жұмысымнан артылған бос уақытта ғана домбыра жасаймын. Мұндай қарқынмен бір домбыраны бір айда жасап бітіремін.

- Тапсырыстар қай елден жиі түседі? Домбырадан басқа аспаптар жасайсыз ба?

- Жоқ, тек қана домбыра жасаймын. Еуропада этникалық қазақтар өте көп, тіпті өзім таңғалдым. Негізінен Түркиядан келген қазақ диаспорасы көп, жақында ғана арнайы шақыртумен қонақ болдым. Бір қызығы, олармен неміс тілінде тілдесуге тура келді, себебі олар орысша білмейді, қазақша да барлығы сөйлей алмайды. Бірақ, олар өте ұйымшыл, дәстүрді берік ұстанады. Әр жексенбіде жиналып, пікірлеседі, түрлі шаралар өткізеді.
null

-  Қазақстандағы күйшілер мен домбырашылар арасынан кім ұнайды? Кімнің өнерін іздеп жүріп тамашалайсыз?

-  Алматыдағы шеберханада барлығы кәсіби домбырашылар болатын, таңнан кешке дейін домбыраның үні үзілмейтін. Құрманғазы, Нұрғиса Тілендиев, Қаршыға Ахмедьяровтың туындылары ойналатын. Сосын Секен Тұрысбековтың «Көңіл толқынын» сүйсініп тыңдаймын. 

-  Қазақстаннан көшіп кеткен этникалық немістермен бас қосып тұрасыздар ма? Дастарханға қазақ тағамдары қойыла ма?

-  Әрине, бас қосып тұрамыз. Барлық ағайын-туыс Германияға көшіп келді. Мереке күндері міндетті түрде қазақша ет асамыз, кәуап пісіреміз. Еттен дәмді ештеңе жоқ. Достарымыздың Қазақстаннан қазы мен шұжық әкелген күндері де біз үшін мейрамға айналады.

-  Уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет! Еңбегіңізге табыс тілеймін!

 

Соңғы жаңалықтар