Домбыра күні: Анкарада қазақтың ұлттық мейрамы үш күн бойы тойланды

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат - 1-3 шілде аралығында Анкарада Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен «Ұлттық домбыра күні фестивалі» өтті. Бұл жайында елшілікке сілтеме жасап ҚазАқпарат хабарлайды.

Айтулы іс-шара Анкараның ең көрікті жерлері - тарихи Естергон қамалы, Анкара қамалы, «Түркістан» ғимараты, Түркия Республикасының Президенті әкімшілігінің кітапханасы, Түрік тарихы музейінде өтті.

Фестиваль аясында арасында қазақ, түрік, татар, ноғай, жапон халықтарының өкілдері бар 50 домбырашыдан құралған оркестр 4 ай бойы жасаған дайындықтың нәтижесінде қазақтың күйлерін бір мезетте орындап, анкаралықтарды ғажап күйге бөледі.

Ұлттық домбыра күніне орай мұндай ауқымды шара шетелде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Фестиваль Түркия Республикасының Президенті әкімшілігінің ұлттық кітапханасында салтанатты концертпен ашылды.

Оған Қазақстан Елшісі Абзал Сапарбекұлы, кітапхана басшысы Айхан Туглу, Түркиядағы Қырғызстан, Албания, Иран және Мажарстан елшілері, парламент депутаттары, түрік елінде білім алып жатқан студенттер мен БАҚ өкілдері қатысты.

Концертте домбырашылармен қатар, Қазақстан және Түркияның өнер майталмандары, атап айтқанда Қазақстанның мәдениет қайраткері Эльмира Шендуран, Қазақстан және Моңғолияның еңбек сіңірген әртісі Меруеш Башай, Түркияда қазақтың қасиетті аспабын дәріптеп жүрген Шәмшігүл Жүсіпова мен Седат Солакоглу, Түркі дүниесі оркестрінің музыканты, белгілі композитор Ирфан Гүрдал, Мая Исмаилова, ноғай халық жырауы, домбырашысы, әрі ақыны Арсланбек Сұлтанбеков сияқты өнер иелері де қазақ халық әндерін көрерменге паш етті.

Тағылымы терең мазмұнды мерекенің ұйымдастырылуы - ұлтымыздың терең тамырлы мәдениетін асқақтатып, рухын көтерді.

«Түрік тарихи музейінде» фестивальдің аяқталуына орай салтанатты концерттік бағдарлама өтті. Оған Қазақстан Елшісімен қатар Етимесгут ауданының әкімі Энвер Димерел, музейдің директоры Ахмет Йылдырым, парламент депутаттары, жергілікті зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысты.

Елші А. Сапарбекұлы өз сөзінде:

«Домбыра қазақтың ұлттық аспабы ғана емес, халық мұрасы. Қазақ қашанда домбыраны қадір тұтып, төрге іліп, бағалаған. Киелі аспаптың құрметіне 2018 жылы Елбасының жарлығымен Ұлттық домбыра күні бекітілді. Сонау көне тарихтың күмбірін бүгінгі күнге жеткізген киелі де қасиетті Домбырамызды өркениетті заманға сай жаңғырта білсек, келешек жастарға ұлттық тәрбие беретін өнеге бастауы, әрі рухани қазынасы болары шындық», - деп домбыра күнінің маңызына тоқталды.

Сондай-ақ осындай ауқымды шараның алғаш рет Түркияда өтіп жатқанын атай келе, ұйымдастырушылар мен қолдау көрсеткен бауырлас түрік халқына алғысын білдірді.

Елші ұлттық өнерді жалғастыру мен қасиетті домбыраны серік еткен өнерпаздарға ізгі тілегін білдіре келе, оларды алғыс хатпен марапаттады.


Соңғы жаңалықтар