Домбыра адамға қандай қасиеттер сыйлайды?
2022 жылғы 3 шілде 20:31

Домбыра адамға қандай қасиеттер сыйлайды?

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Ұлтымыз ұлық тұтқан домбыра қазақ халқымен ежелден бірге жасап келеді. Қазақтың әр баласы күмбірлете күй тартып, жыр-термені құйқылжыта орындайтын еді. Қазіргі уақытта сол көрініс көз алдымыздан жоғалып бара жатқан секілді. Домбыраның құлағында ойнау былай тұрсын, оны қалай ұстауды білмейтін ұрпақ көбейіп барады. ҚазАқпарат тілшісі домбыраны ел арасында қалай насихаттау қажет деген сауал төңірегінде ой қозғап көрген еді.

Кезінде әрбір қазақтың төрінде қара домбыра ілініп тұратын. Бұл көрген адамға ерекше әсер етіп, елжандылық сезімге еріксіз тарта түсетін. Өкініштісі, қазір мұндай көрініс байқалмайтын болды. Жиын-тойдың кезінде домбыра іздей қалсаңыз, оны табудың өзі мұңға айналды. Ілгеріде сыйлы қонақ келгенде қара домбыра ерекше сайрай жөнелуші еді. Кейде құйқылжып, кейде көкіректі басар ауыр қоңыр үн естіген жанды сан түрлі күйге бөлейтін.

Бүгінде жиын-тойға жиналған адамдар арасынан біреуі домбыра шерте алса, қуанатын жағдайға түстік. Бүгінде оны тек көнекөз қариясы, не домбыра шертетін адамы бар бірлі-жарым шаңырақтан ғана көреміз.

«Атам Ахметбек жақсы домбырашы қасиетімен елдің есінде қалды. Өлең шығарып, ән айтатын қасиеті болды. Сол қасиет маған да дарыса керек. Кәсіби күйші болмағанмен, аздап домбыра шертетінім бар. Ата жолымен көргенімізді жасап, оны әлі күнге дейін төріме іліп қоямын. Өз отбасымда домбыраны насихаттауға көңіл бөлемін. Домбыра - қазақтың рухы ғой. Оны тыңдасаң, рухтанасың, қуанасың, демаласың. Тұтас ұлт тарихы сол қос ішектінің құдіретімен бүгінге дейін жеткен», - дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері Бақытжан Ахметбек.

Қадым заманнан бері қазақы болмысымызды айшықтап тұратын қос ішекті, тоғыз пернелі қасиетті домбыра көне кезеңнің күмбірі іспеттес. Сол бір құдыретті күш тұла бойымызды ерекше сезімге бөлеп, асқақ рух пен елжандылық қасиеттерді алпыс екі тамырымызға таратып жатады. Ұлы даланың ұландары ұрпақтан ұрпаққа осы бір қасиетті дүниені мирас етіп, атадан балаға аманатқа айналған асыл қазына ретінде әрдайым жоғары бағалап келеді. Жан-жүрегімізге жарық нұр секілді құйылатын «Домбыра» атты әнде оны қадірі мен қасиеті, мақсаты мен мұраты, құдыреті мен киесі дәлме-дәл көрініс берген. Айтылғандай, домбыра бабамыздың мұңы, анамыздың сыры, даламыздың үні емес пе?

«Қашанда қазақ пен домбыра егіз екенін айтады. Екеуінің біртұтас ұғымға айналып кеткеніне тарих куә. Сол қасиетті қара домбыраның күмбірлеген үні талай қазаққа рух береді. Оның шанағынан төгілген әсем әуен мен тәтті күйге тәнті болып, құлақ құрышын қандырамыз. Қазақ даласының әр өңіріндегі домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен өнерпаздың орындаушылық мәнеріне қарай өзгеріп отырған.

Қазіргі күндері ұлттық құндылығымыз – домбыраны насихаттауға өз деңгейінде назар аударылуда. Домбыра күні сондай ізгі ниеттен туғаны белгілі. Қай ұлт болмасын, өзінің ұлттық тамырынан ажырамауы тиіс. Ілгеріде үлкендер балаларын домбыра тартуға баулып отырғанын көзіміз көрді. Әрине, екінің бірінің өнер жолына түсуі шарт емес қой. Десе де домбыраны үйрену қазақтың атқа міну секілді басты қағидасы болуы қажет. Сондықтан оны үйрету аясын кеңейтуіміз қажет. Мәселен, мектепте музыка пәні бар. Сол пәннің аясында балалардың домбыра және өзге де музыкалық аспаптарды үйренуіне көңіл бөлген жөн. Сондай-ақ, қазір осындай өнерге баулитын тегін үйірмелер аясын кеңйткеніміз абзал», - дейді белгілі жырау Берік Саймағанбетов.

Атадан қалған баға жетпес мұрамызды жас ұрпақ өз деңгейінде құрметтеп, келер буынға аманат етсе, нұр үстіне нұр болмақ. Кімде-кім домбыра құдіретін шын ұғынса, психология, физика, математика, тарих, педагогика ғылымдарының барлығын оңай меңгере алады деседі. Себебі, мамандар оның бойында пәндік білімнің барлығы дерлік кездесетіндігін айтады. Демек, ол көзбен көріп, құлақпен естуге болмайтын сезімді ұғындыра алатын қасиетке ие.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT