«Долларсыздандыру» экономиканың тұрақты өсіміне әкеледі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Долларсыздандыру» экономиканың тұрақты өсіміне әкеледі. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстан Британ техникалық университеті Бизнес мектебінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Нұрлан Нұрсейіт өз пікірін білдірді.

«Долларсыздандыру» халық арасында теңгенің беделін арттыру үшін жасалып жатыр. Егер ол сәтті жүзеге асса, Ұлттық банк - теңге эмиссиясының қосымша мүмкіндігіне, банктер - арзан теңге ресурстарына, кәсіпорындар салыстырмалы түрде арзан несиеге қол жеткізеді. Қарапайым халыққа басты тиімділігі, ұлттық валюта курсы нығая түседі. Ішкі нарықта шетел валютасын пайдалану қажеттілігі азаяды. Бұл валюталық тәуекелдердің алдын алуға көмектеседі. Өз кезегінде ол ұлттық экономиканың тұрақты өсіміне әкеледі», - деді Нұрлан Нұрсейіт.

Маманның пікірінше, долларсыздандыру тұрақты экономикалық өсімге негізделмесе, инвесторларға сенім туғызбайды.

«Бізде экономикалық өсімнің негізгі драйвері мұнай болса, ол бағаның құлдырауына байланысты бұл функцияны атқаруды доғарды. Ал, басқа драйверді мен әзірге көріп тұрған жоқпын. Осындай жағдайда долларсыздандыру әкімшілік ресурстарға негізделеді. Ал, қаншалықты тиімді болады, оны уақыт көрсетеді», -деп қорытындылады ол.

Сонымен қатар, сарапшы өзге елдермен сауда жасауды ұлттық валютаға көшіруге қатысты өз ойын білдіре кетті. Оның ойынша мұндай қадам долларға деген сұранысты азайтады.

«Мен оны құптаймын. Ол ұлттық валюталарға деген сұранысты арттырады. Бұл Еуропалық Одақ елдерінің арасында басында үлкен тиімділігін көрсетті. Бірақ, ол шара өзара бір-бірін толықтыратын елдерде, экономикалық өсімі бір дәрежедегі елдерде мүмкін. Сондықтан, бұл жағдайда Кедендік Одақ елдері арасындағы өндірістік кооперация, өзара тығыз ынтымақтастық түйткілдің шешімі бола алады», - деп қорытындылады ол.

Соңғы жаңалықтар