Доллардың қымбаттауына мұнай нарығына жасалған қысым себеп болып отыр - ҰБ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев АҚШ долларының қымбаттауына мұнай нарығына жасалған қысым себеп болып отырғанын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қыркүйекте ішкі валюта нарығындағы жағдай мұнай нарығының қысымында болды. 16 қыркүйекте мұнайдың 1 баррелінің бағасы 69 долларға күрт өсті де, 2 қазанда 1 баррелі - 57,7 долларға дейін төмендеді. 10 қазанда мұнайдың 1 баррелінің құны 59,1 доллар болды. Міне, сондықтан, айырбастау бағамы қыркүйектің басы – 11 қазан аралығында 1 доллар - 385,27–390,12 теңге шегінде өзгерді. Әлсіреу бұл кезеңде 0,5 пайыз болды», - деді Ұлттық банк төрағасы Үкімет отырысында.

Ерболат Досаевтың айтуынша, теңге бағамы 1 доллар үшін 389,1 теңге болып, әлсіреу жыл басынан бері 1,4 пайызға жеткен.

«Ұлттық банктің алтын валюталық резервтері 1 қазанда алдын ала деректер бойынша 28,8 млрд долларды құраған. Жыл басынан бері ол 6,8 пайызға немесе 2,1 млрд долларға төмендеді. Қыркүйекте алтын валюта резервтері 2,1 пайызға ұлғайды. Оған Үкіметтің еурооблигацияларды шығарудан шетел валютасының түсуі, банктердің Ұлттық банктегі салымдарының өсуі және алтынды сатып алуы себеп болды», - деді ол.

Еске сала кетсек, Ұлттық банк төрағасы бүгінгі Үкімет отырысында Қазақстанның қаржы нарығындағы жағдай тұрақты екенін мәлім еткен болатын.

Соңғы жаңалықтар