Докторантураға құжат қабылдау уақыты 5 тамызға дейін ұзарды

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ұлттық тестілеу орталығы докторантураға түсу емтиханына өтініш беру және құжат қабылдау мерзімін 5 тамызға дейін ұзартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Емтихан күні, уақыты және орны 9-10 тамызда үміткердің жеке кабинетінің «менің іс-әрекетім» бөлімінде жарияланады.

Ал оқуға түсу емтихандары 20 тамызға дейін өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл докторантураға түсуге үміткерлер әңгімелесуден өтіп, эссе жазады, сондай-ақ оқуға дайындығын анықтауға арналған тест және білім бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан тапсырады.

Сонымен қатар докторантураға түсу үшін шет тілін және Қазтест жүйесі бойынша (Қазтест емтиханын 25 тамызға дейін тапсыруға болады) мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын сертификат болуы міндетті.

«TOEFL ITР сертификаты бар талапкерлер докторантураға түсу емтиханы басталғанға дейін ағылшын тілінен қосымша тестілеуден өтеді. Оған 5 тамызға дейін тіркелуге болады. Емтихан 8 тамызға белгіленген. Қосымша тестілеу күні, уақыты және орнымен жеке кабинетіңіздің «менің іс-әрекетім» бөлімінде таныса аласыздар» деп хабарлады орталықтан.

Соңғы жаңалықтар