Докторантурадан кейінгі зерттеулерге арналған гранттар бөлінеді – Асхат Аймағамбетов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Докторантурадан кейінгі зерттеулерге бағытталған арнаулы гранттар бөлінетін болады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен 2020 жылы БҒМ-ге қарасты ғылыми ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту және жұмысын жандандыруға бағытталған жаңа бюджеттік бағдарлама ашылып, 2,8 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде 23 ғылыми-зерттеу институтына жабдықтар сатып алынды. Биыл осы мақсатта 3,5 млрд теңге бөлінді. Сондықтан Институттарды модернизациялау бойынша жұмыс әрі қарай жалғасады», - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Оның атап өтуінше, ұлттық ғылыми кеңес қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған оң өзгерістер енгізілді. Енді олардың жиындары онлайн, ал дауыс беру процесі ашық форматқа ауыстырылды. Ғылыми кеңес құрамы да ғылыми қызметкерлердің жұмысына сәйкес жаңғырды.

«Биылдан бастап 500 ғалымды әлемнің жетекші ғылыми орталықтарына тағылымдамалардан өтуге жіберу және «Жас ғалым« жобасы аясында 1 мың грант бөлу бойынша жұмыстар қолға алынады. Одан бөлек, еліміздегі 20 университет «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасы аясында қаржыландыруға ие болады. Яғни, бұл – жиырма оқу орны материалдық-техникалық базасын айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік алады деген сөз», - деді ол.

Министр ғылымдағы барлық процестерді одан әрі цифрландыру бойынша жұмыс атқарылуы керектігін баса айтады.

«Кейбір ғылыми жобаларды іске асыру үшін ұзақ мерзім талап етіледі. Бұл ретте мұндай ғылыми жобаларға грант беру мерзімдерін 5 жылға дейін ұзарту мәселесі де қолға алынады. Біз ел үшін стратегиялық бағыттар бойынша іргелі зерттеулермен айналысатын институттарды тікелей қаржыландыруды маңызды деп санаймыз. Министрлік базалық қаржыландыру аясында ақы алатын қызметкерлердің тізбесін кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр», - деді ол.

Асхат Аймағамбетов жас ғалымдарға қолдау көрсету маңыздыекендігін де атап өтеді.

«Сондықтан заңға енгізілген өзгертулер арқасында жас ғалымдарды қолдау үшін докторантурадан кейінгі зерттеулерге бағытталған арнаулы гранттар бөлу жүзеге асырылатын болады. Бұдан басқа, ҒТҚН коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру практикасы да жалғасады. Ғалымдарымыздың жобалары жетістіктерге жету үшін – оларға қолайлы жағдай жасау аса маңызды. Сондықтан саладағы қағазбастылықты барынша азайтып, жастарды ғылым саласына тартып жатырмыз», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар