Доғалатпа, бөкпен, қоспа: Ақсуда ұмыт қалған ұлттық тағамдар көрмесі өтті

None
None
АҚСУ. ҚазАқпарат - Ақсу қаласында еліміздің басты мейрамы - Тәуелсіздік күні қарсаңында «Ақ мол болсын!» атты ұлттық тағамдар көрмесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдар  байқауына алты ауылдық аймақтан келген қыз-келіншектер мен ақ жаулықты әжелер  күнделікті тұрмыста көп дайындала бермейтін ұмыт қалған тағамдарды ұсынды. 

Мәселен, Береке ауылының мәдени ұйымдастырушысы Гүлсім Бекжанова бөкпен, быламық дайындап әкелген.

«Бөкпен - қуырылған ұнды сүтке бөктіріп пісірген тағам, - дейді Гүлсім Бекжанова. - Бұл тағамды дайындау тәсілі өте қарапайым болып келеді. Бұған қоса, адам азғасы жеңіл сіңіреді. Алдымен еленіп тазартылған тары ұнын отты жайлап жаға отырып, қазанға қуырып алғамыз. Кейін құйрық немесе жылқы майын араластырып, үстіне сүт құяды. Қоспа қоюлғанша үстіне ұн себелеп араластырып отырады. Дастарханға ыстық күйінде ұсынған дұрыс».



Евгеньевка ауылдық аймағы 20 түрлі дәм әкелген. Ауыл тұрғыны Гүлсарай Сағидолданың айтуынша, ұлттық тағамның бүгінде ұмыт қалған түрінің бірі - быламық өте құнарлы, тойымды тағам. Ұн мен еттен жасалады. Алдымен ұнды, жармақты қазанға аздап қуырып алып, қойдың шыжғырылған іш майы қосылады да, үстіне қайнаған су құяды. Бұдан кейін үздіксіз араластырып отырып пісіреді.



«Әйел адамның бойына біткен бала кальцийді анасынан алады. Нәтижесінде жаңа босанған әйелдің ағзасы әлсіреп қалатыны белгілі. Сондықтан ертеде әжелеріміз келіндеріне быламық пісіріп берген. Ал, бордама шайды қансонарға шығарда аталарымыз ішіп, күні бойы жүргенде қарындары ашпаған. Сондай-ақ, жас босанған аналардың тез ширауына септігін тигізген», - дейді Гүлсарай Сағидолда.

Бұдан басқа, ол доғалатпа және ұн қуырдақ тағамдарын әзірлеген.

Көрме қорытындысы бойынша үздік атанғандарға түрлі сыйлықтар табыс етілді. Қалқаман ауылынан Бақытжан Топжаева «Ең үздік бауырсақ», Евгеньевка ауылдық округінен Ботагөз Хумарберген, Гүлсарай Сағидолда «Ең үздік тағам», Алғабас ауылдық аймағынан Бибігүл Нұрмұғамбетова «Ең үздік қоспа» пісіріп, аталған аталымдарға ие болды.



Қызылжар ауылдық аймағынан келген Нұрбике Хасанова «Ең үздік айран», Толғанай Қайыржанова «Ең үздік сарымай», Мәмәйіт Омаров атындағы ауылдан Үнзила Қабылдинова «Ең үздік құрт», Достық ауылдық аймағынан Гүлсім Бекжанова «Ең үздік ірімшік» пісіріп әкелгені үшін марапатталды.  

Соңғы жаңалықтар