Дмитрий Васильев айына 4 миллион теңге жалақы алып отырған

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Бүгін №2 Ақтөбе қалалық сотында «Ақтөбе» ФК бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы қызметін атқарған Ескендірбек Махановқа қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақтөбе» футбол клубындағы жемқорлықты әшкерелейтін сот отырысында бүгін облыс прокурорының көмекшісі Елубек Таласов айыптау қорытындысын оқыды. Іс материалдарына сүйенсек, клубтың бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильев 2016 жылдың наурыз-қараша айларының арасында өз бетімен сыйақы тағайындап, жемқорлыққа жол берген.

«Дмитрий Васильев «Ақтөбе» ФК бас директоры қызметін атқара жүріп, бірнеше заңсыздыққа жол берді. Ол бас директор қызметіне 2015 жылдың желтоқсан айында тағайындалған болатын. Міндеті - ұйымдастырушылық, өндірістік-шаруашылық, қаржылық жұмыстарды атқару. Барлық жұмыс туралы жан-жақты жазылып, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ескендірбек Махановқа есеп беруге, акт тапсыруға міндетті. Өткен жылы футбол клубының жұмысына 2 миллиард теңге бөлінген. Атқарылған жұмыстардың орындалғанын, орындалмағанын тексеруі тиіс Е.Маханов ештеңеге мән бермей, 2016 жылдың наурыз-қыркүйек айлары аралығында «Мемлекеттік сатып алу» келісімшарты бойынша 1 миллиард 665 миллион 679 мың теңгені еш кедергісіз аударған. Сөйтіп, Васильевтің бюджет қаржысын кедергісіз жұмсауына жағдай жасады»,- деді прокурор сот отырысы кезінде.

Сот отырысы кезінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысы А.Құлмағамбетов қызметінен кетіп, Маханов жұмысқа орналасқан соң ол өзін «Ақтөбе» ФК» АҚ-ның мүшесі етіп тіркеген. Қоғам мүшесі ретінде ол өткен жылы «Будапешт-Ақтөбе», «Атырау-Ақтөбе» ойындарына қатысып, футболшылармен бірге арнайы рейс арқылы сол қалаларға барып, мемлекет қаржысын талан-таражға салған. Сөйтіп, 1 миллион  94 мың теңгеден астам шығын келтірді.

Іс материалдарына сүйенсек, «Ақтөбе» ФК» АҚ қызметкерлеріне берілетін сыйақы мөлшерін директорлар кеңесі шешуі тиіс екен. 2015 жылы сыйақы бөлу туралы құжат қаралғанымен, 2016 жылы директорлар кеңесі бұл туралы шешім шығару артық деп тапқан. Себебі, 2016 жылдағы футбол маусымы кезінде «Ақтөбе» командасына жоғары міндет жүктелмеді, жеңімпаздар қатарынан табылу туралы меже қойылмады.

«Бұл шешім туралы Д.Васильев білген және біле тұра сыйақы тағайындаған. Сөйтіп, клуб мүшелерінің банк есепшотына 240 миллион 840 мың теңге ақша аударған. Оның ішінде бас директор ретінде өзіне 21 миллион 150 мың теңге бөлген»,- деді прокурор Елубек Таласов.

Ал директорлар кеңесіне өзін заңсыз қосып алған Ескендірбек Маханов ай сайын 350 мың теңге алуы тиіс болған бас директор Дмитрий Васильевке 4 миллион теңге жалақы тағайындаған.

«Бас директордың айлығы 4 миллион теңге болған. Сөйтіп, 2015 жылдың желтоқсанынан 2016 жылдың қазанына дейін Васильевке 40 миллион 315 мың теңге аударылған. Шығын - 36 миллион 500 мың теңге. Сонымен қатар, 2016 жылдың шілде айында тағы 10 миллион 980 мың теңге сыйақы берген»,- деді прокурор.

Бүгінгі сот отырысы кезінде Дмитрий Васильев пен Ескендірбек Маханов өздеріне тағылған айыппен мүлдем келіскен жоқ. Тіпті, Дмитрий Васильев істі қысқарту туралы өтініш жолдады.

Еске салсақ, «Ақтөбе» ФК бұрынғы бас директоры Дмитрий Васильев Қылмыстық кодекстің «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан таражға салу» бабы бойынша, ал облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының қызметін атқарған Ескендірбек Маханов «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан таражға салу», «Билік немесе лауазымдылық өкілеттіліктерді асыра пайдалану» баптары бойынша айыпталып жатыр . 

Соңғы жаңалықтар