Дмитрий Саурмилих: Tartyl Fest гранд-финалында ұлым менен жүлде күтеді

Фото:
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақпанның 18-де Астанада өтетін «Tartyl Fest» республикалық турнирінің гранд-финалына қатысатын 170 спортшының арасында Дмитрий Саурмилих те бар. Ол - «Tartyl Fest» турнирінің Көкшетаудағы жеңімпазы. ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген спортшы осы жарысқа дайындығы мен алдағы жоспары туралы тарқатып айтып берді.

– Дмитрий, әңгімеміздің әлқисасын отбасыңыздан бастасақ. Жалпы осы спортқа қалай келдіңіз және онымен кәсіби деңгейде айналысып жүргеніңізге қанша уақыт болды?

– Жасым 32-де, үйленгенмін, Егор және Милана есімді екі балам бар. StreetWorkout-қа келетін болсақ, бұл елімізде енді дамып келе жатқан спорт түрі. Онымен айналысып жүргеніме бірер жылдың жүзі болды.

Ал негізі мен StreetWorkout-қа ұқсақ қысқы полиатлоннан Қазақстан Республикасының спорт шеберімін. Қысқы полиатлонмен 12 жасымнан айналысып келемін. Алғашқы да аудандық және облыстық деңгейде, соңғы кездері республикалық жарыстарда жүлдегер атанып жүрмін.

Шәкірттерімді де өзім сияқты спортқа баулып жүрмін.

– Шәкірт тәрбиесімен айналысамын дедіңіз. Қазіргі таңда қайда жұмыс істейсіз, осыған нақтырақ тоқтала кетсеңіз?

– Қазіргі кезде Петропавл қаласындағы жоғары педагогикалық колледжде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеймін. Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, жастарымыздың салауатты өмір салтын ұстануына, дені сау ұрпақ тәбиелеу саласында еңбек етіп келемін.

Осы күні елімізде бұқаралық спортқа үлкен мән беріліп, көңіл аударып, жан-жақты қамқорлық жасалып отырғандығы қауантады. Қазір спортпен айналысамын деген адамға арнайы спорт немесе фитнес залының болуы міндетті емес.

Кез келген үйдің ауласында көше тренажерлері бар. Ең бірінші адамда ниет болсын. Өзім де жаттығуды көбіне арнайы залда емес, сыртта, таза ауда өткізгенді қалаймын.

– Тұрғылықты жеріңіз Петропавл болса, Көкшетауда қалай Tartyl Fest жарысына қатысып жүрсіз?

– Иә, орынды сұрақ. Мұның басты себебі, Петропавлда StreetWorkout-пен айналысып жүрген жастардың қарасы көп. Көп болған соң, бәсеке де күшті.

Тіпті, өзіммен бірге жаттығу алаңында жүрген танысым Рафаил Қадыров, колледждегі шәкіртім Станислав Лосевті осы Петропавлдағы турнирде жүлдегер атанып гран-финалға жолдама алды.

Сол себепті, мен Көкшетауда бағымды сынап көрдім. Отыз жастағылардан жоғары салмақта 66 келіде 42 рет тартылып, үздік атандым. Дегенмен, республика бойынша үздіктердің көрсеткішіне сәл жетпей қалды.

Жалпы, жаттығу кезінде 48 рет еркін тартылып жүрмін. «Tartyl Fest» республикалық турнирінің гранд-финалында барымды салатын боламын.

– Алдағы Tartyl Fest гранд-финалына дайындығыңыз қалай?

– Дайындығым жоғары деңгейде өтіп жатыр. Әрине, бәсеке күшті, бірақ соған қарамастан барымды салатыным анық. Осы фестивальден ұлым менен жүлде күтеді.

Егер жеңіске тұғырынан көрініп, ақшалай сыйлық алып жатсам, оны отбасымның игілігіне және саяхат жасауға жұмсаймын.

- Дмитрий, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет. Алдағы Tartyl Fest республикалық турнирінің гранд-финалында жеңімпаз болып, ұлыңыздың арманының орындалуына тілектеспіз.


Фото: кейіпкердің жеке архивінен


Соңғы жаңалықтар