Дмитрий Медведев Қазақстанға ресми сапармен келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 1 қарашада Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведевтің Қазақстан Республикасына ресми сапары өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР СІМ-де өткен брифингте ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

«1 қарашада Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведевтің Қазақстан Республикасына ресми сапары өтеді. Сапар барысында Мемлекет басшысымен кездесуі жоспарлануда. Қазақстан мен Ресей үкіметтерінің басшыларымен өтетін кездесуде екі ел арасындағы сауда-экономикалық, өңіраралық, көліктік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы салаларын дамыту перспективалары және оның ағымдағы жағдайы, сондай-ақ Байқоңыр кешенінде өзара әріптестік мәселелері туралы пікір алмасылады», - дейді Айбек Смадияров.

ҚР СІМ ресми өкілінің айтуынша, тараптар екі елдің интеграциялық одақтастық шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелерін де талқылайды.

Айта кетсек, осы жылдың мамырында Дмитрий Медведев Ресей Федерациясының премьер-министрі болып тағы сайланған болатын.

 

Соңғы жаңалықтар