Дмитрий Баландин: Мен чемпион болғанымды басқа спортшылар келіп, құттықтап жатқанда ғана білдім

None
None
РИО-ДЕ-ЖАНЕЙРО. ҚазАқпарат - Кеше Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында екінші алтын медальді жүзуші Дмитрий Баландин ел қоржынына сыйлаған еді. Бүгін Риодағы Қазақстанның баспасөз орталығында өткен басқосудан кейін Баландинді жеңісімен құттықтап, шағын сұхбат алдық.

- Жүлдең құтты болсын!

- Рахмет! Жалпы қазақ еліне рахмет!

- Олимпиада чемпионы болам деген ой болды ма?

- Барынша медальға таласам деп ойладым. Бірақ, нақты медаль алам, чемпион болам деген ой болған жоқ. Финалдық жарыста ең соңғы сегізінші жолақта жүздім. Алғашқыда бұл жолақ маған ұнамады. Басқалар бір - бір бірімен қарайлас жүзгенде қатарыңдағы қарсыласыңды көрмей жалғыз жүзу қиын сияқты болды. Кейін пайдасын көрдім. Жалғыз жүзгенде қарсыласым қалай жүзіп келеді деп алаңдамайды екенсің. Ойыңда тек қана жеңіске жету, бар күшімді соған салдым. Мәреге келгенде қарасам, менің тұсымда бірінші деген жазу жанып тұр. Мен оны бастапқыда шеткі жолақта жүзгенім үшін "бірінші жолақ" дегенді көрсеткен сан екен деп ойладым. Чемпион болдым деген ой мүлде болған жоқ. Кейін басқалар келіп менің қолымды алып, құттықтай бастағанда ғана мәреге бірінші келгенімді түсіндім.

- Чемпион болғанда қандай әсерде болдың?

- Әлі өзіме таң қалып отырмын. Ол сезімді өзім және анам сезінді. Айтып жеткізе алмаймын.

- Анаңның қолдауын қаншалықты сезіне алдың?

- Анам маған үлкен күш берді. Үлкен қолдау жасады. Анам арнайы мен үшін келді. Менен үлкен үміт күтті. Менің жеңіс тұғырында тұрғанымды өз көзімен көргісі келді. Менде осындай ойлар болды. Сол үшін анамды қуантуға тырыстым. Анамның қуанғаны ел үмітінің ақталғаны деп ойладым. Бәрі ойлағанымдай болды.

- Осы биікті бағындыру үшін қанша жыл тер төктің?

- Ең бірінші рет Олимпиада жүлдесіне таласуға болатындығы туралы ой Лондон Олимпиадасына іріктеу кезінде пайда болды. Содан бері, міне төрт жыл өтті. Ұзақ жылдардағы жоспармен жаттықтырушылардың істеген жұмыстарының жемісі. Сондықтан, тек өзімнің еңбегіммен жеттім деп айта алмаймын. Сол үшін барлық бапкерлеріме, еліме рахметімді айтамын.

- Әңгімеңізге рахмет!

Соңғы жаңалықтар