Дмитрий Баландин көлігінің айнасын ұрлаған күдікті материалдық шығынды өтеді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің айнасын ұрлау дерегі бойынша сот жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Күдікті Айдос Валиев ҚР ҚК 188-бабы бойынша жауап беріп жатыр.

Адвокат Әлия Шәріпбаеваның айтуынша, сотталушы Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге келтірілген материалдық шығынды толық өтеген.

«Дмитрий Баландинге келген шығын толығымен өтелді. Бұған қатысты қазір мәселе жоқ. Баландиннің 300 мың теңге көлемінде азаматтық арызы болған. Іс материалдарында шығынның қайтарылғаны туралы мәлімет бар. Жәбірленуші Баландин өз пікірін білдіруден бас тартып, шешімді соттың қарауына қалдырды», - деді адвокат Әлия Шәріпбаева.

Сондай-ақ, аталған іс бойынша екінші жәбірленушінің ісі қаралып жатыр.

Айыпталушы Дмитрий Баландиннің көлігінен бөлек Рауанбек Қуановтың Land Rover Discovery көлігінің айнасын ұрлап кеткен. Сот отырысында екінші жәбірленуші Рауанбек Қуановқа да 300 мың теңгеден аса материалдық шығын өтелді.

Алайда, жәбірленуші сотталушыны кешіретінін айтпады. Ол мұны соттың қарауына қалдырды.

Еске сала кетейік, оқиға 1 сәуірде болған. Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің Toyota Land Cruiser көлігінің айнасын біреулер ұрлап кеткен болатын. Осыдан бір жыл бұрын сол жерде Денис Теннің көлігінің айнасын ұрлаған ұрылар спортшыны пышақтап, жер жастандырған еді.



Соңғы жаңалықтар