Дизель тапшылығынан азаматтар мен ауылшаруашылығы саласы зардап шекпеуі керек - Премьер-Министр

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов өңірлердегі дизель отыны тапшылығын сынға алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тағы бір маңызды мәселе – жанар-жағар май материалдарына қатысты жағдай. Кейбір өңірлерде дизель отыны бойынша проблема туындап отыр. Бұл азаматтардың наразылығын тудырды. Болат Оралұлы, егіс науқаны басталар алдында мұндай проблема қалай туындады?» - деп сұрақ қойды Ә. Смайылов энергетика министрі Болат Ақшолақовқа.

Өз кезегінде Б. Ақшолақов дизельдік отынға сараланған баға бекітілетінін айтты. Тұрғындар үшін жүргізуші куәлігі болған жағдайда лимит – 100 литр дизель отыны үшін қазіргі бағамен 230-260 теңге. Ал, жүк көлігі үшін қазіргі лимит – 300 литр болады. Қалған адамдарға және көрсетілген көлемдерден артық дизель үшін 1 литр отын бағасы 450 теңге болмақ.

«Энергетика министрлігі отандық нарықта жанар-жағар май тапшылығын болдырмау үшін барлық шараларды уақтылы қабылдауы қажет. Жанармай құю станцияларының иелерімен тиісті жұмыс жүргізу керек. Азаматтарымыз бен ауылшаруашылығы саласы зардап шекпеуі керек. Сіз айтқан отандық тұтынушыларға және транзиттік автокөлікке берілетін жанар-жағар май бағаларын дифференцияциялау бойынша ережені тез арада қабылдап, 20 тамыздан бастап енгізу керек. Болат Оралұлы, жағдайды күнделікті жеке бақылауыңызда ұстаңыз», - деді Премьер-Министр.

Бұған дейін ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Үкімет отырысында күзгі егіс жұмыстары кезінде дизель тапшылығы туындаса, мәселені қалай шешетіндерін айтқан еді.


Соңғы жаңалықтар