Дизель отынын шетелге шығаруға толықтай тыйым салынуы мүмкін

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары Қазақстаннан шетелге дизель отынын шығаруға толықтай тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тауардың түпкілікті бағасы мен экономиканың нақты секторының дамуына дизель отыны құнының теріс әсерін ескере отырып, отынның осы түріне бағаның төмендеуіне тұтынушылардың негізгі бөлігі мұқтаж болып отыр деп санаймыз. Осы орайда, Үкіметке акциздер мөлшерін төмендетуді, сондай-ақ шетелге дизель отынының шығарылуына толықтай тыйым салуды ұсынамыз», - деді депутат Айқын Қоңыров Мәжілістің жалпы отырысында.

2018 жылы Қазақстан үш негізгі мұнай өңдеу зауыттарында жаңғырту жұмыстары аяқталып, енді К4,К5 санатындағы мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуде. Осы орайда Ресейдің өнімдеріне деген сұраныс айтарлықтай төмендеді.

Депутаттың айтуынша, елімізде өндіріс көлемінің артуына байланысты және ішкі нарықты қорғау шараларына орай, 2018 жылы АИ 95/96 мен АИ 92 бензин бағасы 5 пайызға төмендеді. Ал жаздық дизель отыны құны 21,9 пайызға, қысқы дизель отыны бағасы 26,2 пайызға көтерілді.

«Жүк және жолаушылар тасымалының басым бөлігі дизель отынымен жүретін көліктерге тиесілі. Аталған жағдай қызмет көрсету құнының өсуіне алып келді», - деді депутат.

Соңғы жаңалықтар