Дизель отыны бойынша елдегі жағдай тұрақталды – министр Мырзағалиев
2021 жылғы 22 желтоқсан 09:50

Дизель отыны бойынша елдегі жағдай тұрақталды – министр Мырзағалиев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде дизель отынының тапшылығы мәселесі өз шешімін тауып, нарықта жағдай тұрақталды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл мұнай өнімдерінің негізгі түрлері бойынша 4,7 млн тонна бензин, 4,8 млн тонна дизель отыны, 2,4 млн тонна мазут, битум 933 мың тонна және 600 мың тонна авиакеросин өндірілді. Өздеріңіз білетіндей, биыл тамыздан қазанға дейін жанар-жағармай нарығында дизель отынының тапшылығы байқалды. Ішкі нарықты дизель отынымен қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданды. Біріншіден, автомобиль көлігімен мұнай өнімдерін әкетуге тыйым салынды, екіншіден, Атырау мұнай өндеу зауытының жоспарлы жөндеу жұмысы 2022 жылға ауыстырылды», - деді М. Мырзағалиев Үкімет отырысында жасаған баяндамасында.

Оның айтуынша, биыл елімізде мұнай өнімдерін өндіру 13,1 млн тоннаға жетті.

«Сондай-ақ, дизель тапшылығымен күресу мақсатында Павлодар мұнай өндеу зауытының жөндеу жұмысы биылғы жылдың қыркүйек айынан қарашаға шегерілді. Одан бөлек, Ресей Федерациясының мұнай өндеу зауыттарынан 281 мың тонна дизель отыны импортталды. Осы аталған жедел шаралар арқасында елдегі дизель отыны нарығында жағдай тұрақталды», - дейді ол.

Бұған дейін министр 2030 жылға қарай мұнай өндіру көлемі 104,2 млн тоннаға дейін жететіні туралы мәлімдеді.


Ұқсас жаңалықтар
Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT