Дизайнерлердің алғашқы республикалық «ALTYN OIMAQ» байқауы өтеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстікқазақстандық дизайнерлер «ALTYN OIMAQ» республикалық байқауына қатысуға әзір. Жергілікті дизайнерлермен, тігіншілермен, ателье жетекшілерімен және болашақ мамандармен кездесу өтіп, байқаудың шарттары түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шығармашылық жарысты "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау қорымен бірлесе алғаш ұйымдастырып отыр.

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, байқаудың талаптарын түсіндіру мақсатында Петропавлға жобаның жетекшісі Диана Ботаева арнайы келді.

"Байқауды өткізудегі мақсат - ұлттық нақышта киім-кешек, бұйымдар тігетін жаңа идеясы бар дизайнерлер табу. Киім күнделікті киюге арналуы тиіс. Сондай-ақ кездесу барысында кәсіпкерлерге әрі қарай дамуға қандай кедергі бар екенін білуге тырысамыз", - дейді Диана Ботаева.

Байқау алты номинация бойынша өтеді. Қатысушы бірден екі номинацияға өз жұмысын ұсына алады. СҚО-да шығармашылық жарысқа қатысуға тілек білдіргендер аз емес. Солардың бірі - Зарина Черняева. 11 жылдық тәжірибесі бар дизайнердің Петропавлда ғана емес, Нұр-Сұлтан мен Алматыда да тұтынушылары бар екен.

"Былтыр мен Мәскеуде өткен дизайнерлер байқауына қатыстым. Ол жерде аты шыққан, танымал қатысушылар көп болды. Жеңімпазды онлайн дауыс беру арқылы таңдады. 54 қатысушының ішінен мен 4-орын алдым. Енді мұндай байқаудың бізде де өтетініне қуаныштымын. Біз - әйелдер киімін тігеміз. Байқауға ұсынатын эскиздеріміз әзір", - дейді Зарина Черняева.

«ALTYN OIMAQ» байқауында тігіншілерге жасы бойынша, тәжірибесі бойынша шектеу жоқ. 16 жастан асқан шеберлер де қатыса алады. Байқауға костюмдердің эскизін берсе, жеткілікті.

Әр номинациядан жеңімпаз анықталып, әрқайсысына миллион теңгеден беріледі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың берері көп. Олар көпшілікке өздерін танытып қана қоймай, кейін түрлі семинарларға тегін жолдама алып, білімдерін жетілдіре алады. Жоба аясында тамыз айында жеңіл өнеркәсіпке арналған форум өтеді. Байқауға қатысушылар 2 күн бойы семинарларға, курстарға және шеберлі сағаттарына қатысуға мүмкіндік алады. Бұдан басқа форумда жеңіл өнеркәсіпке қатысты маңызды мәселелер көтерілмек.

Соңғы жаңалықтар