Дивидендтік саясатты қайта қарау тәсілдері әзірленуде – Қаржы министрі
2022 жылғы 20 маусым 11:57

Дивидендтік саясатты қайта қарау тәсілдері әзірленуде – Қаржы министрі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жекешелендіруге жататын нысандар тізіміне енгізу үшін бірқатар басты критерий бекітілді. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында 2021 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті қарау кезінде Премьер-Министрдің орынбасары–Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл ретте халықтың өмір сүруін қамтамасыз ететін және табиғи монополиялар субъектілеріне жататын объектілерді алып тастау қарастырылады. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында жекешелендіруге жататын объектілер тізіміне енгізу үшін бірқатар басты критерий бекітілді», - деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, бұл жерде негізгі мақсат – мемлекет үлесін азайта отырып, кәсіпкерлікті дамыту және жекешелендіруден қомақты қаражат түсіру.

«Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқаруға келсек, Үкімет қазіргі уақытта оны реформалау, оның ішінде дивидендтік саясатты қайта қарау бойынша тәсілдер әзірлеп жатыр», - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ерұлан Жамаубаев депутаттардың бюджетке қатысты ұсынымдары Үкімет жұмысында ескерілетінін айтты.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT