Диснейдің бір фильмін қазақ тіліне дубляждау қанша тұрады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Диснейдің бір фильмін қазақ тіліне дубляждау үшін қанша қаражат жұмсалады? Бұл сұраққа «Болашақ» корпоративті қорының директоры Динара Шайжүнісова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Орта есеппен бір фильмнің дубляжына 100-150 мың АҚШ доллары (37-55 млн теңге аралығында) кетеді. Дубляждау жұмысы бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншіден, фильмді және студияны таңдап алу керек болса, екіншіден жетпіске тарта адамнан құралған шығармашылық топ құрылады. Себебі, негізгі рөлдердің кастингін Дисней компаниясы белгілейді. Барлық мәтін аударылып, дауыстар жазылып, барлық негізгі рөлдер бекітілген соң Лондондағы студияда жұмыс басталады. Яғни, компанияның барлық елдерге қоятын талаптары бойынша финалдық тексеру жүргізіледі. Компания бұл мәселелерді қатаң бақылауына алып, басқа студияда тәржімаланбауын қадағалайды. Содан кейін барып фильм қайтадан Қазақстанға жолданады», - дейді Динара Шайжүнісова.

«Болашақ» КҚ директорының айтуынша, дубляж жұмысы тап басып халыққа ұсыныла салатын қарапайым шаруа емес. Прокатқа шығар алдындағы жарнама жұмыстары да біршама шаруаны талап етеді.

«Қазіргі таңда бір өкініштісі, қазақ тіліндегі мұндай фильмдерге сұраныс аздау. Алайда, бұл жобаның идеологиялық сипаты барын ескеру керек. Көп адамда шет тілдегі фильмдерді орыс тілінде көру керек деген қасаң қағида қалыптасып қалған. Сол себепті, бұл ретте мәдени ерекшелікті ескере отырып, менталитетпен жұмыс істеу керек. Бірақ, мен алдағы уақытта қазақ тіліндегі фильмдерге сұраныс артатынына сенемін. Себебі, үш баланың анасы ретінде бүлдіршіндерімнің шетел фильмдерін ана тілінде тамашалағанын қалаймын», - дейді Динара Шайжүнісова.

Еске сала кетсек, «Болашақ» корпоративтік қоры бүгін «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне дубляждалған Disney компаниясының 5 жаңа фильмінің тұсаукесерін өткізді. Қор директоры Динара Шайжүнісованың айтуынша, осы жылы кішкентай көрермендер назарына қазақ тіліне аударылған 5 фильмнің тұсаукесері дайындалуда. Атап айтқанда, 28 наурызда - «Дамбо», 12 мамырда - «Аладдин», 20 маусымда - «Ойыншықтар хикаясы 4», 19 шілдеде - «Арыстан патша» және 28 қарашада - «Мұзды өлке 2» туындылары көрерменге жол тартады.

Соңғы жаңалықтар