Disney мультфильмі қазақ тілінде көрсетілді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Суперотбасы-2 мультфильмінің алдын ала көрсетілімі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Walt Disney Pictures және Pixar студиялары көптен күткен Суперотбасы-2» фильмін қазақ тілінде көрермендерге ұсынды.

14 жыл өткен соң, «Суперотбасы» анимациялық фильмінің жанкүйерлері көптен күткен оқиғаның жалғасын көруге мүмкіндік алды. Осы уақыттың ішінде көп нәрсе өзгерді, бірақ «Суперотбасы» кейіпкерлері сол қалпында қалды. Фильмнің екінші бөлімінде режиссер Брэд Бёрд барлық назарды Мистер «Ерекшеге» емес, оның жұбайына аударуды ұйғарды. Фильмнің желісі бойынша Хелен Парр отбасының көшбасшысы, ал оның күйеуі Джек-Джек балақайдың тәрбиесімен айналысатын болады. Яғни, көрермендер бұл жолы жақсы көретін Мистер «Ерекшені» басқа қырынан көреді. Ол енді супербатыр костюмінде пайда болмайды, оның есесіне әйелі ғаламды құтқару үшін қауіпті миссияға бара жатқанда, үш балаға қамқор болып қалады.

«Суперотбасы-2» - «Болашақ» Қауымдастығының Корпоративтік Қорымен қазақ тіліне дубляждаған 24-ші фильм болып табылады. Қазақ тіліндегі дубляж режиссері - Шах-Мұрат Ордабаев.

«Мен үшін «Суперотбасы-2» фильмі «Коконың құпиясы», «Галактика сақшылары. 2 бөлім» және «Өрмекші-адам. Қайта оралу» фильмдерінен кейінгі жобадағы толыққанды төртінші жұмысым. Бұл фильм біздің ата - аналарымыз, біздің супербатырларымыз жайлы. Бұл фильмді дубляждау барысына тек театр әртістері ғана емес, сондай-ақ киноактерлар да қатысты. Әрдайым біз жаңа актерлерді ашуға тырысамыз. Дубляж актерлерін іздестіру мақсатында біз үлкен кастинг өткіздік. Ұзақ уақыт бойы Виолетта кейіпкері үшін дауыс таба алмадық, фильмнің дубляж тобы театрдың жас актрисасы - Айкөркем Әділгерееваны ашпас бұрын, бүкіл Қазақстан бойынша іздеу жүргіздік»,-деді дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаев.

Оның сөзінше, басты кейіпкерлердің бірі - Желаяқты жас актер Дидар Құралбаев дыбыстады. Оның жасы небары 11-де, соған қарамастан, ол «Коконың құпиясы» мультфильмін дубляждаған Ақарыс Әшімханға жақсы бәсекелес бола алады.

«Бір қызығы, фильммен жұмыс барысында мен әйел адамды дыбыстадым. Эдна Мод - бірқилы мінезді супербатырларға арналған киім дизайнері, мен дыбыстаған 20-шы Disney кейіпкері. Жалпы айтқанда, дубляжға 60-тан аса актер қатысты. Қорытындылай келсем, «Суперотбасы-2» - махаббат пен әзілге толы жылы отбасылық мультфильм. Мен көрермендерге қазақ тіліндегі нұсқасына бүкіл отбасымен баруға ұсынамын», - деді Шах-Мұрат Ордабаев.

Астана және Алматы қалаларындағы алдын ала қойылған көрсетілімге дубляж актерлары, демеушілер, мәдени және шығармашылық интеллигенция өкілдері, жастар ұйымдарының өкілдері, балалар үйінің тәрбиеленушілері, БАҚ өкілдері қатысты.

Балаларға арналған базарлық «Суперотбасы-2» мультфильмін 14 маусымнан бастап еліміздің барлық кинотеатрларынан қазақ тілінде көруге болады.

Соңғы жаңалықтар