Дипломы жоқ шаруалар ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін ала алмай отыр - Р. Сәрпеков

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Дипломы жоқ шаруалар ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін ала алмай отыр. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Рамазан Сәрпеков осылай мәлім етті.

«Ауыл шаруашылығы министрінің және Жер ресурстарын басқару агенттігі төрағасының бірлескен бұйрығымен ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін жалға берген кезде конкурстарды ұйымдастыру және өткізудің ережесі бекітілген. Конкурсқа пайдалануға берілмеген ауыл шаруашылығы мақсаттарындағы мемлекет меншігіндегі жер учаскелерін жалға алу құқығы ұсынылады.Сонымен бірге, конкурсқа қатысуға ниет білдірген жеке тұлғаның конкурстық өтінімінде қосымша бірнеше мәліметтер тіркелуі тиіс. Соның міндетті бір талабы - білімі туралы дипломның көшірмесі. Расында, ұзақ жылдар бойы малдың соңында жүрген немесе ауыл шаруашылығымен ғана айналысып келген көптеген ауыл тұрғындарында диплом жоқ. Соның салдарынан олар ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін жалға беретін конкурстарға қатыса алмайтын жағдайға душар. Бір сөзбен айтқанда, не жайылым, не шабындық, не жайлау немесе көкөніс өндіретін жер учаскесін алу құқығынан айырылып отыр», деді депутат. Оның айтуынша, «дипломның көшірмесін» талап ететін ереже нормасы өрескел түрде азаматтардың құқығына нұқсан келтіреді. Соған орай, Р. Сәрпеков аталған норманы алып тастау қажеттігін алға тартады.

Соңғы жаңалықтар