«Дипломмен - ауылға! - жас мамандарға берілген жаңа мүмкіндік» - республикалық басылымдарға шолу

None
None
АНА. Қарашаның 5-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қарашаның 5-і,  бейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

 

***

Елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрының негізін қалаушы, көрнекті режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаров жайында сыр шертетін көлемді мақала «Астана ақшамы» басылымның айқара бетінде жарық көрді. «Тұлға» айдарында берілген жарияланым «Өмірі - өнер, тағдыры - театр» деген тақырыппен басылған.

 Осы газеттің «Әлеумет сауалы - әкім жауабы» атты тұрақты айдарында қала әкімі И.Тасмағамбетов елорда тұрғындарын толғандырып жүрген сауалдарға тұшымды жауап берген.

 «Астана ақшамы» газетінің жазуынша, Иорданияның елордасы Амман қаласындағы әдемі көшелердің бірі Астананың құрметімен аталатын болды. Бұл туралы Астана қаласының әкімдігі мен Амман қаласының муниципалитеті арасында 2010-2011 жылдарға арналған сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылғаннан кейін елорда әкім И.Тасмағамбетов мәлім еткен.

 «Адамзатқа қауіп қайдан? Ақырзаман бола ма? Мұндай ой күнде болмаса да, кез келген жұмыр бас иесінің ойына анда-санда бір келетіні рас. Шындығы керек, әлем елдерінің арасындағы текетірестер, түрлі қарулы қақтығыстар түбі ядролық шоқпарды бір-біріне сілтеуге алып келуі мүмкін. Бұл сөз жоқ,  адамзат тарихындағы орны толмас үлкен трагедияға алып келері хақ», деп жазады «Айқын» газеті. Айтылған жайт жайында тереңірек осы басылымның бейсенбілік санында жарық көрген «Ақырзаман есігіңді тұр қағып...» атты мақаладан оқи аласыздар.

 «Ақиқат пікірталаста табылады». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарияланған келесі мақала «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаевтың «АйтPARK» пікірталас клубында отырыс модераторы Нұрлан Ерімбетов пен журналистердің сауалдарына берген жауабы негізінде өрбіген. 

 Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласы өзге өңірлермен салыстырғанда ерекше бақылауды қажет етеді. Экологиялық аймақ тұрғындарының денсаулығы басты назарда болуы тиіс. Осыған орай «Айқын» басылымы аталған өңірдің Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Болатбек Баймахановпен сұхбаттасқан. Екеуара өрбіген әңгіменің егжей-тегжейін «Аманат жүгі қашанда ауыр» атты сұхбаттан біле аласыздар.

***

«Ауылдың бүгінгі мүшкіл халін айтып ауыз ауыртудың пайдасы шамалы. Өйткені қазір мемлекетте урбанизация. Дегенмен, ауылдықтар үдере қалаға көшіп жатқанда, алтын діңгек ауылымызды сақтау үшін Елбасы жаңа саясатқа кірісті. Яғни, қалың жұрт жаппай қалаға ағылғанда, арман қуған жас маман ауылға баруы тиіс», деп жазады «Нұр Астана» газеті. Аталған жайт басылымының бүгінгі нөмірінде «Дипломмен - ауылға! - жас мамандарға берілген жаңа мүмкіндік» деген тақырыппен берілген.

 Осы басылымның жазуынша, елімізде шаңырақ көтергендер қатары бәсеңсіп, ажырасқандар саны артып келеді екен. Аталмыш келеңсіз жайтқа орай басылым білікті мамандардың пікірлерін оқырмандар талқысына сала отырып, нақты фактілерге сүйенген «Бала отбасының бақыты ма?» атты мақала жарияланған.

 «Ақтөбенің төртінші тәжі». Теңбіл доп жаңкүйерлеріне арналған келесі  мақалада футболдан Қазақстан чемпионатының бас жүлдесін осымен 4-ші мәрте Ақтөбе командасының жеңіп алғаны жазылған. Бұл жайында егжей-тегжейлі «Нұр Астана» газетінің бейсенбілік санынан оқи аласыздар.

 «Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Мемлекет басшысының Иорданияға ресми сапарының екінші күні корольдіктегі алдыңғы қатарлы кәсіпорындарды көрумен жалғасқан. Олардың қатарында әскери техникаларды жасайтын Абдолла II атындағы жобалау конструкторлық бюросы мен жеңіл көліктерді  жетілдіру  зауыты бар.

Кеше  ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Осы жайтқа орай «Экспресс К» газетінде мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, әділет вице-министрі Марат Бекетаев осы құжат арқылы азаматтардың жеке өміріне қол сұғылмауы, өзінің және отбасының құпиясы болуы, жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерінің, пошта, телеграф арқылы және басқа да жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығының сақталуын бұзғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті  күшейтуды қарастыратындығын атап өткен.

 

Соңғы жаңалықтар