«Дипломмен – ауылға»: БҚО-да 400-ге жуық маманға баспана алуға несие берілді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Батыс Қазақстан облысында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында биыл 396 маманға баспана алуға несие беру үшін республикалық бюджеттен 1733,0 млн теңге қарастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Тілепберген Каюпов Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, 1 қарашаға дейін 396 маманның 392-сі бюджеттік несие алды.

Сондай-ақ жергілікті қазынадан ауылға келген 751 маманға әлеуметтік қолдау көрсетуге 527,6 млн теңге бөлініп, осы кезге дейін соның 705-і қаражатқа қол жеткізді.

Облыста баспана сатып алу үшін бюджеттік несиеге мұқтаж мамандар саны жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2009 жылдан бастап берілген несиелер саны 2,7 есеге өсті.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес ауылдың кадрлық әлеуетін арттыру мақсатында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы 2009 жылдан бастап қолға алынған болатын.

Т.Каюповтың сөзіне қарағанда, ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 18 ақпандағы №183 қаулысына сәйкес ауылға жолдама алған мамандарға 100 АЕК мөлшерінде бір реттік көтерме жәрдемақы (2021 жылы – 291 700 теңге), тұрғын үйді сатып алу немесе салу үшін 15 жылға дейінгі жылдық ставкасы 0,01 пайызбен 1500 АЕК (2021 жылы – 4 375 500 теңге) көлемінде несие беріледі.

ҚР Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 30 қыркүйектегі №72 бұйрығымен аталмыш жобаға ауыл, кент, ауылдық округ әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері де қосылды.

«Жалпы, 2009 жылдан 2021 жылдың 1 қарашасына дейін ауылға 7464 маман тартылды, оның ішінде 5027-сі – мұғалім, 1410-ы – денсаулық сақтау, 113-і – әлеуметтік қамсыздандыру, 482-сі – мәдениет, 186-сы – спорт, 236-сы –агроөнеркәсіп кешені маманы және 10-ы – мемқызметші. Осы жылдар ішінде әлеуметтік қолдау шараларына 2603,2 млн теңге қаражат бөлінді. Оған қоса әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіптік кешеннің 4110 маманы 12 836,3 млн теңге бюджеттік несие алды», - деді Т.Каюпов.


Соңғы жаңалықтар