«Дипломмен ауылға» барып, далада қалды - Өңірлік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай өзекті мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарындағы өңірлік баспасөзге шолу ұсынады.

*   *   *

Байлыққа құныққандар Абайды оқыса - «Оn'tu'stіk Qazaqstan» газеті

«Оңтүстік Қазақстан» газетіндегі мақала негізінен жемқорлық туралы ойдан басталады. Жемқорлықпен, парақорлықпен байығандарды сынаған автор: «Бір анығы, байлыққа құныққандардың көпшілігі Абайды оқымайды. Егер оқыса, оқығанын ақыл таразысына салса, қылмыс жасап, ел-жұрттың наласына қалмас еді. Заңды белден баспас еді» дейді. Айтуынша, ұлы Абай кейінгі буынға «Есті кісі» деген ұғымды үлгі етіп кетіпті. «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен есеп ал!» депті. Бұл өзіңнен өзің есеп алсаң, өз қатеңді тез түзетіп отырасың дегені шығар.

null

Мақала авторы күншілдік, жемқорлық, сатқындық, алаяқтық деген жаман әдеттердің алдын алу үшін не істеу керек деген мәселе көтеріп, оның бәріне бала тәрбиесін көлденең ұсынады. Оның ойынша, Абай шығармаларын, оның қара сөздерін оқымағандар негізінен адамдық, адалдық, әділеттілік әліппесінен бейхабарлау болып келеді. Сондықтан қазақ билерінің кесімді, тұщымды әрі тұжырымды ой-орамдарын, от ауызды, орақ тілді оқымыстылар мен атақты ақын-жазушыларымыздың отты жырлары мен кесек-кесек, қадау-қадау көркемсөздермен көмкерілген небір інжу-маржан шығармаларын жоғары сынып оқушыларына ұдайы оқыту керек дегенді айтады. «Оқушылар «Кодекс куманикусты» жатқа білуі тиіс. Әл-Фарабидің трактаттарын әкімқараларға үзбей оқытып тұрса ғой. Осы айтылғандарға азаматтарымыз зер салса, зейін қойса, мән берсе, құлақ асса, тұла бойын мансап пен атақтан, билік пен байлыққа деген құмарлықтан, ашкөздіктен, ынсапсыздықтан, тәкаппарлықтан, парақорлықтан, кекшілдіктен, екіжүзділіктен аулағырақ ұстар еді» деп жазады автор.

Қазақбаев - қазақтың «Страдивариі» - «Aq jol» газеті

Шебердің де шебері бар. «Aq jol» газеті сондай шеберлердің бірегейі - Шу ауданының тумасы Қанат Қазақбаев туралы жазады. «Ел арасында есімі көп айтыла бермейтін Қанат Дотаұлының қолымен жасалған қобыз сонау Италияның Ватикан мемлекеттік музейінде Қорқыт бабамыздың кітабының жанынан орын алған екен».  Газет тілшісі шеберді әдейі іздеп барып тілдескен екен. Шеберханасынан да сыр шертіп, өмірбаянынан да тізбектеп шығыпты. Ватикан мемлекеттік музейінде тұрған қобыздың жай-жапсары туралы шебердің өзі былай деген: «Әлем бойынша екі-ақ данасы бар «Қорқыт дада» деген аса құнды кітап бар екен. Оның түпнұсқасы Ватикан мемлекеттік музейінде тұрса, екіншісі Германияның Дрезден қаласындағы музейге қойылыпты. 2001 жылы Рим Папасы Иоанн Павел ІІ арнайы іссапармен елімізге келгенде, сол кездегі Еуразия ұлттық университетінің ректоры болған мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Ватикандағы Қорқыт бабамыздың кітабының жанында ұлттық аспабымыз қобыз тұрсын деген ұсыныс жасап, белгілі дін қайраткеріне қобыз сыйлады. Бағыма орай, сол қобызды жасау маған бұйырған болатын».

null

Қобыз демекші Қанат Қазақбаев «қобыздың атасы» аталған аспапты да қолында ұстап отыр екен. Оқиға былай болған: 2014 жылы археолог Зейнолла Самашев бастаған ғалымдары Шығыс Қазақстан облысы аумағында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында көне жауынгердің жерленген жерін тапқан. Жауынгерді шамамен VII ғасырда өмір сүрген деп топшылайды. Сондағы археологиялық қазба жұмыстарының басты олжасы - қару-жарағымен бірге жерленген жауынгердің жанынан бір аспап табылған. Зерттей келе, оның жорық алдында сарбаздарға рух беретін қобызға ұқсас музыкалық аспап екені анықталған. Кейіннен ғалымдар аспап әбден ескіргендіктен, оны бүтіндей ала алмай, қағазға түсіріп, сосын Қанат Қазақбаевқа хабарласып, суретіне қарап аспапты жасауға тапсырыс береді. «Оның қағазға түскен көлемін өлшеп, оған кәдімгі қазақтың қара қобызына салынатын жылқының құйрық қылы мен түйенің терісін салып, бас-аяғы екі айдың айналасында қобызды жасап шықтым. Бұрынғы заманда бақсылар қобызға бұғының тарамысын тартқан дейді. Оны да байқап көргім келген. Дегенмен оны ысып алатын адамды табу қиынға соқты. Жұмыс толығымен аяқталған соң, көлемі шағын ғана жауынгердің аспабын тартып көрген ғалымдар оның үніне таңғалып, оны қобыздың атасы деп таныпты. Қазір өзімде бір данасы сақтаулы. Ал еліміз бойынша бұл қобыздың жеті данасы ғана бар, - дейді ол».

Тілшінің жазуынша, осынау ғажап аспаптың үні қазіргі қобыздардың дауысынан бөлек. Айтпақшы, шебер Қанаттың қолымен жасалған қобыздың ең қымбаты 400 мың теңгеге бағаланыпты.

Бала бұзылса қайтпекпіз - «Жетісу» газеті

«Адуынды ақын Мұхтар Шахановтың: «Компьютербасты ұрпақ келе жатыр» деп шырылдайтыны бар. Таң атқаннан кеш батқанға дейін пернетақтаға қолы желімделген жастарды көргенде жүрегің ауырады. Есіл-дерті ғаламтор желісіндегі есер ойындар. Тіпті, нәр татпай ойнауға дайын. Ататегін сұрасаң абдырап қалады. Себебі, санасы сапасыз мәліметтерге толы. Бұл бәленің бала жадын барымталап алғаны көңілге көлеңке ұялатып отыр. Әрбірден соң қоғамға түскен індет іспетті. Мұндайда көкейді сан түрлі ойлар тесетіндей. Әлгі компьютер бұзылса әйтеуір бір тілін табарсың-ау, ал бауыр етің балаң бұзылса қайтпексің?».
null

«Жетісу» газетіндегі ұрпақ тәрбиесі туралы мақалада осылай мәселе көтерілген. Автордың жазуынша, қазіргі ұрпақтың бәріне дерлік жұққан басты дерт - жадының тұрақсыздығы. Қазіргі жастар арасында бүгін жаттағанын ертең ұмытып қалатындардың саны артқан. Оқушылардың осыншама ұмытшақтыққа душар болғаны үйдегі компьютердің кесірінен екен. Автор компьютердің адамның оқып-білуге деген бар ынтасын жойып жатқанын алға тартады. Мысал ретінде Италия пәлсапашысы Умберто Эконың өзінің немересіне жазған жаңажылдық хатын алға тартады. Онда философ бұл фәнидегі адамға ең қымбат дүние - өзінің жады екенін баяндап, оны дамытудың ережесін көрсеткен екен.

«Ғасыр дертіне айналған бұл сырқатпен күрес жалпыхалықтық іске айналуы тиіс. Себебі ТМД елдері ішінде компьютер мен интернетті пайдалану ісінде Қазақстан алдыңғы қатарға баяғыда-ақ шығып қойған. Ендеше, компьютерге құмарлық кейбір отбасы мүшелерінде пайда болғаны анықталса, оған қарсы тиімді шаралар осы бастан жүргізілуі керек. Сондықтан, аталған дерттің алдын алу үшін тұтынушыларға заманауи технологияларды пайдалануды қалай тиімді жүргізуге болатыны жайында сауат ашу курстары өткізілгені ләзім».

Иттің бәрі тазы емес - «Сарыарқа самалы» газеті

«Сарыарқа самалы» газетіндегі мақалада ит мәселесін көтерген автор қазақтың құрметпен қарайтын жеті қазынасы - тазының орнына қалалық жерде басқа «асыл тұқымдылар» басқанын суреттепті. Қазақтың итке деген көзқарасын айта келе, бүгінгі баласының орнын басқан қалалықтардың итке қатысты қылығын сынға алады автор. «Бізге бұл жат, қазақ - бар мейірімін баласына, немересіне төгетін халық»...
null

Мақалада қалалық жердегі ит ұстаушыларға базына айтылып, өркениетті елдегі тәртіптер үлгі етіледі.

« ...Жалпы, үйде ит ұстау деген - қазақ үшін жиіркенішті іс. Ана жылы бір таныс шетелге көшетін орыстан ас үй жиһазын сатып алатын болды. Бірге бардық, таңдау жасау керек. Ас үстеліндегі тәрелке, қасық жалап тұрған тайыншадай итті көріп, сыртқа атып шықтық. «Бұл үйде, үйдің жиһаздарында тазалық жоқ» деді құрбым. Онысы рас енді... Бір тәуірі, қандастарымыз үйінде хайуан ұстамайды. Ал ұстайтындарға Алматыдағыдай тәртіп пен талап керек!»

Бауырым, бақты сырттан іздемегін - «Сыр бойы» газеті

Мақала авторы дінге ұйып, адасқан ағынмың жетегінде кеткен, қазір сотталып, түрмеде отырған азамат екен. Ол өміріндегі өзгерістер мен дінге келуі жайында баяндап, басынан өткен оқиғаларға қысқаша шолу жасапты. Дінге қызығушылық қалай басталғанын, Қазақстаннан Мысыр еліне қалай аттанғанын, ол жақтағы дін оқулары жайлы мағлұмат беріп, ақыры елге оралып, қалай қылмысқа барғанын жазады.
null

«2015 жылы туған ел, әке-шешемді, туған-туыстарды сағынып, көрісу мақсатында барып қайтуды шештім. Алматы қаласына келген уақытымда жергілікті радикалды көзқарастағы азаматтармен байланысып, олардың Сириядағы бауырларға қаражат жағынан көмек беру керек деген ойларына қосылып, Украина мемлекетіне Алматы әуежайындағы кедендік шекарадан контрабандалық жолмен героин алып өтпек болған жерімде құрықталдым... Бұл әрекетім де діни түсініктің дұрыс қалыптаспауының көрінісі, адасқандығымның шарықтау шегі. Әйтпесе, дінді дұрыс түсінген адам есірткі тасумен айналыса ма? Шариғат бойынша, егер мақсат ізгі болса, оған жету жолдары да ізгі болуға тиіс. Адамдарды тонап, мұқтаждарға садақа берейік пе? Бірақ, «көрмес түйені де көрмес». Талай естіп, оқыған нәрселерімнің қалай есімнен шығып кеткенін өзім түсінбедім. Егер ұсталмасам, тағы не бүлдіретінімді бір Алла біледі. Сол кезде маған «мынау адамды өлтіру керек, анау жерді жару керек» десе, оны жасаудан тайынбайтын едім. Бірақ, Алла сақтап, ешкімнің өліміне, қанының нақақ төгілуіне себеп болмадым. Сол үшін Аллаға шүкір етем».

Мақала авторы түрмеде отырып теріс ағымның шырмауына оралғанын түсінгенін, қателескенін мойындап, Алла тағаладан дұрыс түсінік беруін сұрап, жалбарынғанын айтады.

«Ендігі арманым - отбасыма оралып, бойларында қазақ қаны аққан ұлдарымды тәрбиелеп, мен жасаған қателіктерді, олардың қайталамауына көңіл бөліп, оларды салауатты, ар-намысты, білімді, елім дейтін, еңсесі биік азамат етіп өсіру. Ата-ана, туған-туыстар ортасына оралып, сенімдерін ақтау» депті түрмеден хат жазған жігіт.

«Дипломмен ауылға» келіп, далада қалды... - «Арай» газеті

«Арай» газетінің жазуынша, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асқан уақыттан бері 30 мыңнан астам маман ауылдық жерлерде жұмыс жасауға мүмкіндік алыпты. Әйтсе де, алтын бесік ауылға арманын арқалап, құстай ұшқан жастардың шалғай елді мекенге келгеннен кейінгі жағдайы қалай? Мақалада бағдарлама аясында Сарысу ауданындағы Шығанақ ауылына жұмыс істеуге барған жас маман Меруерт Жүнісбаеваның басындағы жағдай туралы жазылған екен. Ауылға арман қуып жеткен жас отбасылардың қуанышы көпке созылмапты. Біржолғы көтерме жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алуға арналған жеңілдетілген несие Меруертке ғана рәсімделсе, кейіннен аудандық аурухана басшылығы штаттық бірлікті жауып, маманның мәселесі мүлдем ушығыпты.

«Бұл аралықта біз бағдарлама шеңберінде несиеге 2,5 миллион теңге алып, ауылда баспаналы болған едік. Осылайша бүтін бір отбасы отағасының 40 мың теңге айлық жалақысына қарап қалдық. Алған несиеміздің тек 1 жылын ғана төледік. Әлі 15 жылдай бар... Аяғы осылай боларын білсек, тып-тыныш қалада жүріп-ақ бір мәнісін көретін едік қой. Не себепті бізге басында жұмыс болмайтыны туралы айтылмады. Әр мекемеге табан тоздырып, әбден шаршадым», - дейді үш баланың анасы Меруерт Жүнісбаева.

Мақала авторы жас маманның мәселесін жергілікті билікке де жеткізіпті. Бірақ ешбір жауапты тұлғадан тұщымды жауап таппаған. Тіпті бұл тығырықтан қалай шығуға да ешкімнің басы ауырмайтын секілді. Аудан әкімінің орынбасары да жас маманды жұмыссыз қалдырмау керектен артық әңгіме айтпаған.

«Осылайша Сарысу өңіріне серпіліспен келіп, сарсаңға түскен жас маманның мәселесі әлі толық шешімін таппай отыр. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жастар көші ауылға енді бет түзеп жатқанда мұндай олқылыққа жол берілгені жөнсіз, шынында. Тағы бір қызығы, былтыр «Дипломмен- ауылға» бағдарламасы арқылы 49 маман құлшынып барған Сарысу ауданына биыл бірде-бір маман баруға ниет білдірмеген».

Қырық бір тастың қулығы немесе қалтаны қаққан құмалақшылар - «Атырау» газеті

Газет тілшісі қаладағы сауда орталықтарының бірінде әдейі барып, құмалақшыларға жолыққан екен. Көріпкел-балгердің өтірігін әшкерелеп, оларды қалта қағудың қас шеберлері ретінде суреттейді.

«Құмалақ ашқызу - ішімдікке, темекіге құмарлық сынды тәуелділіктің бір түрі. Әлгi құмалақшының дегенiне ғана иланып, әрбiр iс-әрекетiн солардың ашқан балына сәйкестендiру ертеңгі күні өкінішке ұрындырмасына кім кепіл? Сондықтан, халықтың санасын оятып, арамзаға алданбағанымыз жөн-ау».
null

Мақалада автор құмалақшыларға қатысты психолог мамандардың пікірін келтіріпті. Мәселене, солардың бірі «Қалай айтсақ та, базар жағалап, көпшілік жерде отырған оларға болашағыңды болжатып, қайғыңды тыңдатып, құр сөздерін естіп кете беру - сананың төмендігі. Халық емшісі атағын жамылып жүргендер оңай жолмен ақша табудың әдісіне әбден үйреніп алған. Адамдардың көпшілігі не болса соған сеніп, маңдай тер еңбегiмен тапқан нәпақасын аямайтын «жомарт» жандар қатарын көбейтеді» дейді.

Ал дін өкілдері мұның шариғатқа қайшы екенін айтады.

Университетте «Жас келіндер мектебі» ашылды  - «Ақтөбе» газеті

Ақтөбеде Жұбанов атындағы мемлекеттік университетінің «Тарих» факультетінде «Жас келіндер мектебі» атты жаңа орталық ашылыпты. Басты мақсат - қазақ халқының ұлттық негіздегі тәрбиесін насихаттап, болашақ жас келіндерге отбасы құндылықтарын түсіндіру. Қоғамдағы ене мен келін арасындағы түсініспеушілік, ажырасу секілді бүгінгі күннің басты мәселелерінің алдын алу.

null

«Жас келіндер мектебіне жасы 18-ден асқан қыз балалар, тұрмыс құрған студент-келіншектер қатыса алады. Алдағы уақытта орталықтың ауқымы кеңейіп, жұмыс кестесі өзгертіледі. Жас келіндер мектебіне мүше болғысы келетін қыздардың қарасы көп. Оларға дәрісті көпті көрген тәжірибелі ұстаздар, алтын құрсақты аналар дәріс жүргізеді. Оқу жылының соныңда мектеп түлектері арнайы сертификаттар алатын болады, - дейді орталық жетекшісі.

 

«Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметі туралы не білеміз? - «Орал өңірі» газеті

«Осыдан 100 жыл бұрын Жымпиты елді мекенінде Алаштың ардақты ұлдары Орал қазақтарының IV съезінде «Ойыл уәлаяты» атты уақытша үкімет құрған болатын. Бұл оқиға біздің тәуелсіздік тарихымыздың бастауында тұрған аса маңызды да, ең құнды тарихи кезең еді».

«Орал өңірі» газеті осы уақытша үкімет туралы жазады. Жазуынша, Қазақ автономиясын құру мәселесі 1918 жылдың ақпан айында Қаратөбеде өткен Орал қазақтарының ІІІ съезінде көтерілген. Бірақ съезде салық мөлшері жөнінде айтыс туып, халық екіге бөлінеді. Кейіннен Алашорда ұйымынан бөлінгендер «Ақ жол» партиясын құрып, Оралға барып, большевиктер жағына шығады. Сөйтіп, қазақ автономиясы үшін күрес қазақтардың өзара келіспеушілігінен ең басты кедергіге осы съезде тап болды. Бұл «Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметін құрудың алғышарттары еді.
null

Кейіннен Орал өңірі қазақтарының ІV облыстық 1918 жылы 18 мамырда Орал қаласының оңтүстік-шығысында орналасқан Жымпиты (қазіргі Сырым ауданының орталығы)  елді мекенінде өткізілген. Съездің ашылу сәтіне 300 делегат келіп үлгерсе, ол жұмыс істеген үш күннің ішінде тағы 150-дей адам қосылды. Жиынның күн тәртібіне 20 мәселе енгізілді, оның соңғы төртеуі съездің барысында анықталды.

Қысқаша айтқанда, Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтар съезд шешімімен «Ойыл уәлаятының» уақытша үкіметін құрады.

«Ойыл уәлаяты» уақытша үкіметі - ХХ ғасырдың басында Жайық өңірінде орнаған мемлекеттік-автономиялық құрылым. Ол 1918 жылдың мамыр айының соңында Жымпитыда өткен ІV Орал облыстық қазақ съезінің қарарымен құрылды.

Қорыта айтқанда, 1918 жылы 18 мамырда Қазақстанның Батыс өңірінде «Ойыл уәлаяты» атты уақытша үкімет құрылып, қызмет жасады. Үкімет құрамына жеті адам сайланды. Олар: Жаһанша Досмұхамедов, Халел Досмұхамедов, Дәулетше Күсепқалиев, Салық Омарұлы, Қалдыбай Асанов, Ғабдол-Ғалым Қуанайұлы, Сабыр Сарғожин.

Бұлардың барлығы жоғарғы білім алған, өте сауатты, оқыған зиялылар болатын және 10 адамнан тұратын арнаулы кеңес құрылған. 

Соңғы жаңалықтар