Дипломмен ауылға баратын жастардың үлесі қандай

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың атына жолданған депутаттық сауалда ауылға баруға ниетті жас мамандардың мәселесі көтерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2009 жылдан бері іске асырылып келе жатқан «Дипломмен ауылға!» әлеуметтік бағдарламасы ел болашағы - жастарымыздың өз мамандықтарына сай жұмысқа орналасып, баспана алып, өмірден орындарын табуларына, сондай-ақ ауылдық елді мекендерді денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы салаларын жас мамандармен қамтамасыз етуге қолайлы мүмкіндік берді. Ал жас мамандар ауылдық жерлерге жұмысқа барудан бас тартпайтындығын тәжірибе көрсетіп отыр.  Бағдарлама іске асырылған 9 жыл ішінде ауылдық елді мекендерге  54 мыңнан астам жас маман тұрақты жұмысқа келіп, 12,5 миллиард теңге сомасында көтермеақы алғандығы және олардың 23,5 мыңға жуығына 57 миллиард теңге сомасында тұрғын үй алуға несие берілгендігі соның айғағы. Бұл көрсеткіштер Елбасы қабылдаған шешімнің дұрыстығын айғақтайды және болашақ жас мамандарға үлкен үміт береді», - деп тоқталды депутат Кәрібай Мұсырман.

Оның сөзіне қарағанда, сайлаушылармен кездесулер кезінде  олар бағдарламаны одан әрі жалғастырумен қатар, оның қамту ауқымын кеңейту және іске асыру тетіктерін жетілдіру қажеттігіне назар аударған.

«Ең өзекті мәселе - бағдарлама толық көлемде қаржыландырылмай келеді. Мысал үшін, жергілікті атқарушы органдар аталған бағдарлама бойынша 2018 жылға арналған бюджеттік несиелерге 19 миллиард теңгеден астам қаржы сұраған болса, іс жүзінде 13,7 миллиард теңге бөлінген. Сондықтан да ауылдық жерлерге кейінгі кезде жыл сайын 6 мыңдай жас маман жұмысқа орналасқанымен, олардың тең жартысына жуығы ешқандай мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылмай,  орынды реніш білдіруде. Мәселен, биылғы жылы бағдарламаға 3786 маман ғана енгізілген. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің үстіміздегі жылдың басындағы мәліметі бойынша ауылдық жерлерде 580 дәрігер жетіспейді. Бұған қоса, Білім және ғылым министрлігінен алынған дерекке қарағанда, республика бойынша қазір 4952 мұғалім тапшы», - деп атап өтті К. Мұсырман.

 Оның атап өтуінше, алдағы уақытта бағдарламаны жергілікті атқарушы органдардың бюджеттік өтінімдерін ескере отырып, толық көлемде қаржыландыру мәселесін шешу қажет.

«Бағдарлама бойынша ауылдық жерлерге жұмысқа баратын жас мамандарға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға берілетін жеңілдікті бюджеттік несие мөлшері жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарына сәйкес, 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылса, игі болар еді. Немесе жас мамандардың тұрғын үй сатып алуына жетіспейтін қаржыны әрбір ауылдық елді мекендегі баға айырмашылығын нақты ескере отырып, жергілікті бюджеттерден бөлу қарастырылса, құба-құп», - деді депутат. 

Кәрібай Мұсырманның пайымынша, бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, оған ауылдық аудандардың орталықтары болып табылатын моноқалалар мен шағын қалаларды енгізу және бірінші кезекте олардағы орталық аудандық ауруханаларға жұмысқа орналасатын жас дәрігерлерді енгізу мәселесін қарастырған жөн. Сонымен қатар бағдарламаға ауылдық жерлерге бас маман және жетекші маман лауазымдарында мемлекеттік қызметке барғысы келетін жас мамандарды енгізу мәселесін қарастыру керек.

Соңғы жаңалықтар