«Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін аудандық маңыздағы қалаға баратын жастар көре ме

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Дипломмен ауылға» бағдарламасының игілігін аудандық қалаға баратын жастар көре ме? Сенаторлардың осы сұрағына Үкімет ресми түрде жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, бұған дейін сенаторлар «Дипломмен ауылға» бағдарламасының кемшін тұстарын алға тартып, Премьер-министрдің атына депутаттық сауал жолдаған болатын. Олардың айтуынша, жастардың кейбірі аудан орталықтарына барғанымен, ол елдімекендер «қала» мәртебесіне ие болғандықтан, осы бағдарламаның игілігін көре алмай жатады. Сол себепті депутаттар Үкіметтен моноқалалар мен шағын қалаларға баратын жастарды қолдауды сұраған еді.

Бұл сұраққа жауап берген Үкімет басшысы аудандық маңызы бар қалаларға келетін мамандарға «Дипломмен ауылға» бағдарламасының әлеуметтік қолдау шараларын ұсынудың да кемшілігі барын айтады. Мәселен, мұның салдары ауылды жерден мамандардың кетуіне, кадрлар тапшылығының одан әрі ұлғаюына, сондай-ақ бюджет шығындарының айтарлықтай өсуіне әкелуі ықтимал.

Асқар Мамин сондай-ақ биылдан бастап жобаға ауылдық (кенттік) округ әкімдіктерінің аппараттарында жұмыс істейтін мемлекеттік қызметшілер енгізілгенін, бұл тиісінше мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайтқанын жеткізді.

«Бұл ретте қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жергілікті атқарушы органдар қалаларда жұмыс істейтін кейбір мамандарға жергілікті бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау шараларын көрсете алады. Мысалы, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары ауылды және қалалық елдімекендерге жұмыс істеу үшін жіберілген медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шараларының жүйесін айқындайды. Сондай-ақ әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну, осы саладағы жас мамандарды ұстап қалу және жұмыспен өтеу мониторингін жүзеге асырады. Кодекстің 272-бабының 1-тармағына сәйкес, әлеуметтік қолдау шараларына тұрғын үй беру, жәрдемақы төлеу, коммуналдық шығыстарды өтеу және өзге де шаралар жатады», - дейді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы сондай-ақ Президенттің тапсырмасына сәйкес, Үкімет ауылды аумақтар мен шағын қалалар бойынша ұлттық жобаны пысықтап жатқанын айтып өтті.

«Ұлттық жобада әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды кешенді жаңғырту, шағын несие беруді қоса алғанда, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, қала құраушы кәсіпорындарды қолдау, шағын қалалардағы тұрғын үй құрылысы, нәтижелі жұмыспен қамтуды қолдау және шағын қалаларға қоныс аударуға жәрдемдесу және басқа да іс-шаралар көзделеді. Көрсетілген шаралар экономиканың жаңа секторларын дамытуға, шағын қалалардан халықтың көші-қон ағынын азайтуға, шағын қалалар халқының өмір сүру сапасы мен әл-ауқаты деңгейінің өсуіне ықпал етеді. Сондай-ақ аталған кешенді шаралар осы елдімекендердің кадрлық әлеуетін күшейтуге де мүмкіндік береді. Осының негізінде аудандық маңызы бар қалаларға жұмыс істеу және тұру үшін келетін мамандар үшін әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну мәселесі ұлттық жобаны пысықтау барысында қаралады», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар