Дипломмен ауылға бағдарламасына шағын қалаларды да қосу керек – депутат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепберген «Дипломмен ауылға» бағдарламасына моно және шағын қалаларды да енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жақында өңірлерде сайлаушылар мен түрлі санаттағы әлеуметтік топтармен, жас мамандармен болған кездесулерде Үкіметке айтылған ұсыныстар аз болған жоқ. Әсіресе, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының тиімділігін арттыру жайында өзекті мәселе қозғалды. Елімізде 2009 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан «Дипломмен ауылға» бағдарламасының мақсаты – дипломды мамандарды ауылдық жерде тұрақтандыру», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

2009-2020 жылдары осы жобаны жүзеге асыруға 77 мыңнан астам маман 11,5 млрд теңге сомасында көтерме жәрдемақы алса, 36 мыңнан астам маман тұрғын үй сатып алу үшін 105,3 млрд теңге бюджеттік кредит алған.

Өткен 2021 жылы 18,2 млрд теңге игерілген. Ал биыл тағы да 4,3 мың маман тұрғын үй алуы үшін бюджеттік кредит беруге 20 млрд теңге жоспарланған.

«Дей тұрғанымен, бағдарламаның қабылданғанына 13 жыл өтсе де ауылдық жерлерде кадр тапшылығы әлі де өзектілігін жойған жоқ. Ең өзекті мәселе, аудан орталығы болып отырған моно және шағын қалалар да бұл жобаның игілігін көре алмай отыр. Ауылға маман тарту мәселесін шешеміз деп, аудандағы қалалар шетте қалуда. Айталық, Жамбыл облысындағы Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы орталық ауруханасында 10-нан астам маман-дәрігер жетіспейді. Сондай-ақ мектептер мен балабақшаларға 20 мұғалім мен тәрбиешіге сұраныс бар. Жаңатас пен Шу қалаларында да дәл осындай жағдай орнаған. Бұл проблема жылдан-жылға шешілмей келе жатыр», - деді М. Төлепберген.

Оның айтуынша, еліміздегі 42 шағын қаланың 32-сі ауылдық аудандардың әкімшілік орталығы болып белгіленген.

«Сондықтан мемлекеттік қамқорлық тұрғысындағы қыруар қаржының тиімділігін арттыру үшін аудандардағы моно және шағын қалаларды да жобаға енгізу қажет. Екіншіден, бұл жобаның тиімділігі бойынша ведомствоаралық жұмыстың жүйесін қайта қарап, жетілдіру қажет. Көтерілген мәселелердің қарау нәтижелері туралы жауапты тиісті заң талабына сәйкес белгіленген мерзімде беруіңізді сұраймыз», - деді Мәжіліс депутаты.


Соңғы жаңалықтар