«Дипломмен ауылға» бағдарламасына мемқызметшілер енгізілуі тиіс - депутат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Дипломмен ауылға» бағдарламасына мемлекеттік қызметшілер де енгізілуі тиіс. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында депутат Нұртай Сабильянов мәлім етті, деп хабарлайды ҚзаАқпарат тілшісі.

«Бюджетті сапалы жоспарлауды және кірістерді ұлғайтуды қарастыру мәселелеріне тоқталған министр, «Жергілікті өзін-өзі басқаруды жергілікті қоғамдастық мүшелері тікелей жүзеге асырады. Және жергілікті қоғамдастық жиналысында бюджеттің және оның атқарылуы туралы есептің жобалары келісіледі. Алайда, кейбір әкімдердің аппараты мен мәслихаттар бюджет жобасын жергілікті тұрғындарды тартпай-ақ қарайды. Ал халық бюджеттің қалай қалыптасатынын және қандай жергілікті мәселелерді шешуге бюджет қаражаты жұмсалатынын білуі тиіс. Мәселен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қаржылай дербестігін арттыру үшін бюджеттің IV деңгейіне кезең-кезеңімен салық пен төлемдердің 7 түрі берілді, ал шығыстар 19 бағыт бойынша жүзеге асырылады», - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, сондықтан әкімдіктер бюджет жобасын және жергілікті маңызы бар мәселелерді қарау кезінде жергілікті қоғамдастықтарды тарта отырып, бюджетті сапалы жоспарлау қажет. Жергілікті өзін-өзі басқарудың өз кірістерін ұлғайту үшін кәсіпкерлік субъектілеріне жағдай жасап, жеңілдетілген кредит және субсидиялар беру арқылы мемлекеттік қолдау көрсету керек.

«Бұдан басқа, IV деңгейдегі дербес бюджетті енгізу ауылдық округтер әкімдері аппараттарын кадрлық қамтамасыз ету мәселесін шешуді талап етеді. Тіпті кейбір ауылдық округтер әкімдері аппараттарындағы заңгерлер мен бухгалтерлер штаттағы қызметкерлер емес, шартпен жұмыс жасауда. Мұндай жағдай халық санына байланысты ауылдық округтер әкімдері аппараттарының штат санының белгіленген лимитіне байланысты қалыптасып отыр. Осыған орай орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктер кадрлармен, әсіресе білікті бухгалтерлермен және заңгерлермен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін шаралар қабылдап, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының штат санының лимитін қайта қарау мәселесін қарастыруы қажет. Сонымен бірге, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына мемлекеттік қызметкерлер де енгізілуі тиіс. Оны біз толық қолдаймыз», - деді Нұртай Сабильянов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттің IV деңгейі халық саны 2 мыңнан асатын 1055 ауылдық округте енгізілді.

Бұл қазіргі барлық ауылдық округтердің 44 пайызын құрайды. 2020 жылдан бастап қалған 1 338 ауылдық округте енгізілетін болады.

ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бюджеттің IV деңгейі енгізілген 1055 ауылдық округте қай саланың мамандары тапшы екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар