«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша көтермеақы мен бюджеттік несие өсе ме

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға барған жас мамандарға берілетін көтерме жәрдемақының және бюджеттік несиенің мөлшерлері өсе ме? Бұл сұраққа мәжілісмендердің депутаттық сауалына ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, бұдан бұрын Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Кәрібай Мұсырман, Бейбіт Мамраев, Геннадий Шиповских, Абзал Ералиев пен Жанат Омарбекова «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша қаржыландыруды арттыру керектігін мәселе етіп көтерген болатын. Олардың пайымдауынша, ауылға жұмысқа баратын жастарға үй сатып алуға берілетін бюджеттік несие мөлшері 2 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылуы керек. Сондай-ақ, депутаттар жас мамандарға берілетін көтермеақының мөлшерін 70 АЕК-тен 150-200 АЕК-ке дейін арттыру керек деп есептеп, аталмыш бағдарламаға моноқалалар мен шағын қалаларды енгізу керек деп есептейді.

Депутаттарға жауап қайтарған Үкімет басшысы аталмыш бағдарлама бойынша 2016 жылы 2 892 маманға 8,6 млрд теңге, 2017 жылы 3 412 маманға 11 млрд теңге бөлінгенін, ал 2018 жылы 3 786 маманға 13,7 млрд теңге көзделгенін хабарлайды.

«Республикалық бюджеттен қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселесі 2019 - 2021 жылдарға арналған үш жылдық бюджетті қалыптастыру шеңберінде қаралатын болады», - деп жауап береді Бақытжан Сағынтаев.

Премьер-министр келтірген мәліметке сәйкес, ауылдарда жұмыс істеуге келген әлеуметтік сала және агроөнеркәсіптік кешені мамандарын әлеуметтік қолдау шараларының мөлшері айқындалған. Яғни, көтерме жәрдемақы - 70 АЕК-ке (2018 жылға 168 350 теңге) тең сомада, ал тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік қолдау - 1 500 АЕК-тен аспайтын сомада бюджеттік несие (2018 жылға 3 607 500 теңге) ретінде беріледі. Елдегі инфляцияның деңгейі ескерілген АЕК мөлшерін негізге ала отырып, көтерме жәрдемақы және бюджеттік несие сомасы жыл сайын орта есеппен жылына 7% артатынын атап өту қажет.

«Мамандарға төленетін көтерме жәрдемақы шығыстары 2014 жылдан бастап жергілікті бюджетке берілген. Сонымен бірге, бюджеттік несие және көтерме жәрдемақы мөлшерлерін арттыру бойынша айтылған ұсыныстар республикалық және жергілікті бюджеттерге тиісті салмақ түсіреді. Осыған байланысты көтерме жәрдемақының және бюджеттік несиенің мөлшерлерін арттыруды орынсыз деп пайымдаймыз», - делінген жауапта.

Үкімет басшысы сонымен қатар, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына моно және шағын қалаларды қамтуына қатысты жауап берді. Белгілі болып отырғандай, жоба ауылдық елді мекендерге мамандарды бекіту мәселелерін шешуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде халыққа ұсынылатын әлеуметтік қызметті жақсартып, ауыл және қала халқының өмір сүру сапасындағы алашақтықты азайтуға жол ашпақ.

«Бұдан басқа, қаладағы тұрғын үйдің құны ауылдағы тұрғын үйдің құнынан әлдеқайда жоғары екендігін, ал жәрдемақының мөлшері қалалық жердегі өмір сүру деңгейіне сәйкес келмейтіндігін атап өту қажет. Осыған байланысты, моно және шағын қалаларға келуші мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуды орынсыз деп пайымдаймыз, өйткені аталған шаралар Жобаның мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келмейді және ауылдық жерлердегі мамандардың кетіп қалуына және бюджет қаражаты шығыстарының ұлғаюына алып келеді», - деп жауап берді Бақытжан Сағынтаев.

Соңғы жаңалықтар