Дипломат, ғалым, сазгер - үш алматылық қаланың құрметті азаматы атанды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мәслихаттың 36-сессиясында үш алматылыққа мегаполистің құрметті азаматы атағы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілішісі. 

Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың айтуынша, қалалық комиссия шешімімен 3 үміткер - Ақмарал Арыстанбекова, Серік Қирабаев және Ескендір Хасанғалиев таңдап алынған. 

Алматы мәслихатының әлеуметтік мәдениетті дамыту бойынша тұрақты комиссия мүшесі Дамир Шыныбеков таңдаулылардың ғылым мен мәдениетке, дипломатияға қосқан үлесі өлшеусіз екенін айтты. Мәслихат депутаттары да бұл үштіктің қаланың құрметті азаматы атанғандарын қолдап, шешімді бір ауыздан мақұлдаған. 

Ақмарал Хайдарқызы Арыстанбекова 1948 жылы туған. Ол 1989-1991 жж. бұрынғы ҚазКСР сыртқы істер министрі болған. Қазақстандағы алғашқы әйел елші 1996-2003 жылдары Францияда және Кубада елші болып қызмет атқарған. 

Қазақстанның БҰҰ-дағы бірінші тұрақты өкілі. Бұл қызметін 1992 жылы ұйымға еліміз алғаш енгеннен бастап 1999 жылға дейін жалғастырған. ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі болған. 

Серік Смаилұлы Қирабаев 1927 жылы туған. Ол - ғалым-әдебиетші, филология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі, Қазақстан мен Қырғызстанға еңбегі сіңген қызметкер, Мемсыйлықтың лауреаты, 600-ге жуық қазақ әдебиеті ғылыми жұмыстарының авторы. 

Ескендір Өтегенұлы Хасанғалиев 1940 жылы туған. ҚР халық артисі, сазгер, 200-ден астам шығарманың авторы, оның ішінде әйгілі «Атамекен» әні де бар.

Соңғы жаңалықтар