Дипломат династиясы: Сыртқы саясат ардагері Сайлау Батырша-ұлымен сұхбат

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дипломат династиясы. Осы династия деген бір ауыз сөзді естігенде қай-қайсымыздың да көз алдымызға атадан балаға бір мамандықты ғасыр бойы мұра етіп келе жатқан әулет еске түсетіндігі анық жайт.

Әрі елімізде мұғалім, шопан, білім, құқық қорғау, кәсіпорынның түрлі салаларында ұрпақтан-ұрпаққа мамандықты аманат етіп келе жатқан отбасылар да баршылық. Ал Тәуелсіздігіне небәрі 30 жыл болған Қазақ елінің төл дипломатиясында мұндай династияның болуы мүмкін еместей көрінеді. Бірақ мұндай династия бар. Ол әулеттің түпқазығы – Сайлау Батырша-ұлы. Қазақ дипломатиясы ардагерінің ұлы Бақытты Батыршаұлы Мысырдағы Қазақстанның Елшілігінде қызмет етті. Артынан «Мысыр Мамлүк мемлекеті мен Дешті- Қыпшақ арасындағы байланыстар, 13 15 ғ.ғ.» сынды қыпшақ бабаларымызға қатысты құнды еңбек қалдырды. Ал Сәулегүл Сайлауқызы осыдан төрт ай бұрын ғана Қазақстанның Марокко Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалса, Темірлан Сайлауұлы Түркиядағы Елшілігімізде дипломат.

Бір қызық жайт. Бүгін – Қазақстанның дипломатиялық қызмет күні. Дәл осы күннің ресми аталып өтуіне Сайлау Батыршаұлының себепкер болғандығын біреу білсе, біреу біле бермес. Қазақстан тәуелсіздігін алғанына 17 жыл болған кезде, 2008 жылы 8 ресми ұлттық мейраммен қатар 45 кәсіби мерекенің аталып өтілетіндігін, ал өзге жұртпен өзара байланысты, ынтымақтастықты, алыс-берісті дұрыс жолға қойып, аянбай елі үшін ерен еңбек етіп жүрген дипломаттардың маңдай тері елеусіз қалғандығы қынжылтқан жайт Сайлау Батырша-ұлының қолына қалам алып, сол кездегі ҚР Сыртқы істер министрі Марат Тажинге ұсыныс хат жазуына түрткі болған еді. Білімді дипломаттың мұндай ұсынысын білікті басшы да жерге қалдырған жоқ. Қазақстан Президентінің Жарлығымен 2 шілде – Қазақстанның дипломатиялық қызмет күні болып бекітілген болатын. Осыған орай Сайлау атаны сұхбатқа тартқан едік.

- Сайлау Батырша-ұлы, еліміз тәуелсіздігін алып, әлем картасында Қазақ мемлекетін құрған кезде өзіңіз сыртқы саясат ведомствосын ұйымдастыру ісінің басы-қасында болдыңыз. Сол кездерді еске түсіріп, министрлік құру барысында кездескен кедергілермен, қызықты жайттармен бөліссеңіз.

- 1991 жылдың тамызында сол кездегі КСРО Сыртқы істер министрі Э.Шеварднадзенің төрағалығымен Владивосток қаласында Азия және Тынық мұхиты аумағында қауіпсіздік және ынтымақтастық орнату туралы халықаралық конференция өтті. Қазақ елінен мен бардым. Э.Шеварднадземен жеке кездесу барысында біраз мәселелердің ішінде одақтас республикалардың Сыртқы істер министрлігінің құқықтары шектеулі екенін және Кеңес Одағы Сыртқы істер ведомствосында ұлттық кадрлардың аздығын айттым. Бізге Уругвай, Парагвай, Зимбабведен емес, көршілес елдермен, қарым-қатынасы бар түркі, араб мемлекеттермен байланысты жандандыру үшін әр республикаға 15 дипломатиялық орын сұрадым. Түпкі ойым «одақтас республикалар тәуелсіздігін алады, Э.Шеварднадзе грузин болғандықтан, өз елінің егемендік алған кезде дипломаттарын сай қылу үшін бұл ұсынысқа келісуі тиіс» болатын. Ойым алдамады. Бір айта кетерлігі, ол уақытта орталықтан 1 штат алу үшін бірнеше жыл қызметтік хат жазу керек болатын. Ал мен бір кездесуде 15 республиканың әрқайсысына 5 штаттан алып бердім.

Мені қынжылтатын мына жәйт. КСРО құрамында болған 70 жылдың ішінде қазақтан 2-ақ дипломат шықты,ал өзбектерден 11 адам елші болды. Басшылары оларды ұдайы көтермелеп отырды. Ал Қазақстанның басшылығы қазақтарды шетелдерге Елші ретінде ұсынбады. Бірінші елшіміз – Нәзір Төреқұлов. Диктатор И.Сталин оны Меккеде Корольмен бірге жұма намазын оқығаны үшін Мәскеуге қайтып келген кезде атып тынды. Екінші елші - ММәлік Фазылов еді. Ол Мароккода Елші қызметін атқарды. Ал мұнан басқа 70 жылдың ішінде қазақтан бірде-бір Елші өкінішке орай шықпады.

Осы орайда ел арасында, одақтас республика ішінде Қазақстан тәуелсіздігін неліктен кеш жариялады деген сауал бар. Кезінде Н.Хрущев «тың игеру, индустрияландыру» деген сылтаумен қазақ жерінде 2,5 млн. келімсекті кіргізіп жіберді. Сөйтіп жергілікті халықтан гөрі өзге ұлттардың саны басым түсті. 1960 жылдары сол кездегі қазақ жеріндегі қазақтың саны 29,3 пайыз ғана болды. Студент кезімде дәл осы деректерді газеттен оқыға кезімде көзімнен жас шықты. Егер сол бағытта кете бергенде, қазақ халқы тарих бетінен бәлкім жоғалар еді. Абырой болғанда егемендік жарияладық, тәуелсіздік алдық, шет елден қандастарымыз келді, қазақтың саны өсті. Бүгінде 70% астық.

- Сіз дипломат ретінде Кеңес одағының, тәуелсіз Қазақстанның дипломатия қызметінде еңбек еттіңіз. Қайсысында қызмет ету қиынға соқты?

- 1965 жылы дипломатиялық қызметке келіп, зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек еттім. Әрине, арасында Алматы облыстық партия комитетінде қызмет етіп, халықаралық қатынастар бағытында ғылымға бет бұрған кезім де болды. Сауалыңа келер болсақ, КСРО үлкен держава болды, уақытында дипломатиялық қызметінің дәрежесі жоғары еді. Бірақ кеңес дипломатиясында, яғни, КСРО Сыртқы істер министрлігінің орталық аппаратында 5 мыңнан астам қызметкер, оның ішінде 3 300 нағыз дипломат болса, қазақтардың саны өте аз болатын. Мәскеудегі орталық аппаратта не болмаса Елшіліктерде бір мезгілде бар болғаны 8-9 дипломаттан асқан жоқ. 60 жасқа толған қазақтарды зейнеткерлікке шығарып, орнына тағы 1 қазақ алатын. КСРО құрамындағы басқа республикаларға қарағанда кеңес дипломатиясындағы қазақтың үлесі аз болды. Мәскеудегі дипломатиялық академияға әр республикадан 1 орын беретін. Қазақстаннан сол 1 орынды мен иелендім. Сол кезеңде КСРО құрамындағы дипломаттар өз елі атынан сөз сөйлей алмайтын. Менің де «Қазақ елінің дипломатымын» деп айту арманым жүрегімнің түкпірінде тұншығып жататын.

Ал Тәуелсіз Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде 1300 астам адам жұмыс істейді. Олардың жартысы - дипломаттар. Яғни, қазіргі уақытта 650-ден астам қазақ дипломаты шетелде еңбек етіп жүр. Мұның барлығы Тәуелсіздіктің жемісі. Соның арқасында елді, жерді, әлемді көрдік, ғаламшардағы өз орнымызды таптық. Міне, КСРО мен Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде еңбек етудің айырмашылығы осында жатыр. Көрші елге бүйрегі бұратындар «Кеңес одағында жақсы болды» дейді. Алайда ол уақытта шетелдермен байланыс, дипломатия - барлығы орыстардың қолында болатын: украин, беларусь, грузин, армян ұлтынан шыққандар өте көп болды.

- Биыл тәуелсіздігімізге отыз жыл толып отыр. Осы уақыт аралығындағы Қазақ дипломатиясының қалыптасуы мен дамуына қандай баға берер едіңіз?

- Бүгінде қазақ дипломатиясы толығымен қалыптасты деп айта аламыз. Тәуелсіздіктің 30 жылының ішінде білікті, әлемдік деңгейдегі дипломаттар қалыптасты. Мысалы, еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болды. Бұл дегеніңіз Қазақстан бүкіл әлемде болып жатқан жағдай, шиеленіс, қақтығыс тағдырын БҰҰ-ның сапында шешеді деген сөз. Яғни, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешіміне тікелей ықпал ете алды. Бізден басқа бұрынғы одақтас 14 республиканың біреуі де мұндай мәртебеге ие болған жоқ. Иә, Ресей БҰҰ ҚК тұрақты мүше, ал қалғандарына мұндай мүмкіндік туған жоқ. Демек, біз сыртқы саясатта үлкен жетістікке жетіп отырмыз.

Тағы бір мысал айтайын. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігін ұзақ жылдар бойы басқарған Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Хатшысының орынбасары болды, Қазақ елінің Президенті болып сайланды. Бұл дегеніміз бүгінгі аласапыран, қыйын уақытта, күрделі жағдайда Қазақстанның әлемдік аренадан өз орнын ойып алуға деген ұмтылысы. Демек, Қазақстанның егемендігін ұстап тұру үшін әлемнің жағдайын білетін, дипломатияның жілігін шағып, майын ішкен адамның халықтың қолдап дауыс беруі арқылы сайлануы қазақ дипломатиялық қызметінің жетістігі десек те болады.

Дипломатия жетістігінің тағы бір дәлелі ретінде ҚР Премьер-Министрі орынбасарларының бірі болып Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді тағайындалуын да айтар едім. Енді Сыртқы істер министрі сыртқы саяси, экономикалық, инвестициялық, гуманитарлық байланыстарды үйлестіріп отырады.

Қазақ дипломатиясының қалыптасуы мен дамуына қатысты баға берер болсам, біз көрші мемлекеттердің барлығымен шекарамызды шегендеп алдық. Бұл - үлкен жетістік. Қараңызшы, Ресей мен Украина Қырым, Донбасс үшін қырылысып жатыр, соғысқа дейін барды. Грузияға Ресей әскері кіріп, Абхазия мен Оңтүстік Осетияны тартып алды, үлкен соғыс болды. Тәжіктер мен қырғыздар, өзбектер арасындағы ахуал шиеленісіп, оқ атуға дейін барды. Ал біз сыртқы саясаттың нық негізінде өзге мемлекеттермен мұндай қақтығысқа жол берген жоқпыз. Бұл - Елбасы Н. Назарбаевтың үлкен шебер саясаты болды. Қазақстанға қақтығыс керек емес.

-Бүгінде қазақ дипломаттарын дайындау ісіне көңіліңіз тола ма? Олқы тұстары, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері бар ма?

Кезінде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында дипломаттардың барлығы дайындалатын. Ал басқа республика жоғары оқу орындарына мұндай мамандарды дайындауға тыйым салынған еді. Түпкі мақсат - Кремль бәрін қолында ұстау еді. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақ ұлттық университетінде Халықаралық қатынастар факультеті ашылды. Одан кейін Абылай хан атындағы Халықаралық қатынас және әлем тілдері университетінде де мамандар дайындау қолға алынды. Мұнан бөлек, елордамыздағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Халықаралық қатынастар факультеті де осы бағытта жұмыс істеп келеді. Қазір өзім осы факультеттің профессоры ретінде жас мамандарға білгенімді, өмірден түйгенімді үйретіп жүрмін.

- Сәке, сұхбат соңында өзіңіз сияқты дипломат болғысы келетін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Жастардың маман ретінде шет тілді білуі дұрыс. Бірақ ана тілін жетік меңгеріп, тарихын, ата-бабасын дәстүрін, мәдениетін, әдет-ғұрпын біліп, Қазақ хандардың дипломатиясын шетелдіктермен келіссөз жүргізу барысында мүлтіксіз сақтай білуі керек. Жас дипломаттарға айтарым, терең білім керек, мемлекетіңнің тарихын білуің қажет. Елін, жерін, халқын шексіз сүйе білуі керек. Сонда ғана олар мықты дипломат болып, Тәуелсіздіктің тұғырын жоғары ұстай алады.

Шет елде жүрген қазақ дипломаттарды мерекемен құттықтаймын, құрметті де, жауапты еңбектеріне табыс тілеймін. Отанына аман- есен оралсын!

- Сұхбатыңызға рақмет!


Соңғы жаңалықтар