Дінтанушы: Дәстүрлі ислам - елдегі қоғамдық келісім кепілі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда 17 қыркүйекте Қазақ қатынас жолдары университетінде дәстүрлі дінді дәріптеуге бағытталған кездесу өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткізілген шарада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Төреәлі Қыдыр 150 студентке діни қауіпсіздік, экстремизм, тероризм жайында әңгіме қозғап, дәстүрлі діннің тармақтарын сөз етті.

Лектор Төреәлі Қыдыр әуелі жастарға өзі сұрақ қойып, олардың танымдық деңгейін анықтап алды. Ашық әңгіме сипатында өткен кездесуде студенттер де өз ойларын айтты.

Дінтанушы студенттерге дәстүрлі діннің өзінде де белгілі бір тармақтар болатынын түсіндіріп берген.

«Дәстүрлі діннің не екенін білетін болсақ, жаман пиғылды ағымдардың жетегінде кетіп қалмаймыз. Бұл бұрыннан атадан-балаға келе жатқан, өзінің сара жолы бар, қасиетті кітабы бар, пайғамбары бар діннің түрі. Дәстүрлі діндердің бірі ислам болса, исламның өзі бірнеше топтарға бөлінеді. Пайғамбарымыздың өзі дініміздің өзі 73 тармаққа бөлініп, соның бір тармағы ғана менің жолым болады деген екен», - дейді Төреәлі Қыдыр.

Төреәлі Қыдыр әркімнің бойында дінге деген құштарлық болатынын, оны дұрыс қолданып, қалай дұрыс бағыт таңдау керек екендігін түсіндірді.

«Дәстүрлі ислам – дәстүр мен исламның біріккен түрі. Дәстүр дегеніміз - ешбір киелі кітапта жазылмайтын, атадан балаға, баладан немереге, ауыздан ауызға, фольклор арқылы жететін, отбасыдағы мәдениеттен жалғасқан әдет-ғұрып. Яғни салт-дәстүр мен исламның үндескен жері. Біздің арғы атамыз түркілер болса, сол түркілік рух пен исламдық танымның біріккен жері. Таңертең тұрғаннан бастап сіз таныммен оянасыз, бойыңызда белгілі бір рух болады», - дейді дінтанушы.

Маман ислам дінінің мектептеріне тоқтауды жөн көріп, студенттермен кеңінен әңгіме өрбітті.

«Діннің қабылдаған салт-дәстүріне байланысты, мектептер қалыптасты. Соның ең тиімдісі Имам Ағзам Әбу Ханифа мектебі болды. Бұл мектептің басты айырмашылығы халықтың бұрынғы дәстүрлеріне, әдет-ғұрпына түсіністікпен қарауында. Бұл мектеп ата-бабадан келе жатқан дәстүр жолды жоққа шығарған жоқ, сондықтан бұл қазақ даласында қалыптасты. Ең алғаш бұл мектеп Қарахан тұсында қалыптасқан. Керей мен Жәнібек Алтын ордадан бөлініп шыққан уақытта сол дін, сол иман, сол сенім бізге жетті. Дін тек тоқсаныншы жылдары келген жоқ, бүгінде де соның ұшқындары бар», - дейді Төреәлі Қыдыр.

Дәріс беруші діни экстремизмнің салдары туралы да тілге тиек етті.

«Жаңалықтарды ашатын болсаңыздар, араб, мұсылман елдерінде мазасыздық кешіп отырған елдер бар. Мен өзім Ауғанстанда болдым. Ол жерлерді зерттедім. Өйткені ең алғаш мазасыздық Ауғанда басталып, Бағдатқа, Сирияға ұласты. Бұл не үшін шығып отыр десеңіз бұл исламға жат, исламның атын жамылған ағымдар, дінді дұрыс насихаттамағандықтан осындай қадамға барды деп айтуға болады», - дейді ол.

Ислам атын жамылған ағымдарды Төреәлі Қыдыр ойын былай өрбітті.

«ХХ ғасырдың басында бұл ағымдар өзінің алғашқы нышандарын көрсетсе де, қатты саясиланбаған болатын. ХІ ғасырда жаһанданған заманда мәдениеттер тоғысы емес, мәдениеттер қақтығысы, өркениеттер сабақтастығы емес, қақтығысы заманында ол тіптен ушықты. Қазір өркениеттердің арасында әлемдік кеңістікте алатын орын маңызды болып кеткен. Сириядан келіп жатқан қандастарымыз бар. Олардың барлығы бір кездерде теріс ағымдардың жетегінде кетіп қалған бауырларымыз. Олар ақпаратты қайдан алды? Олар дәстүрлі емес дінді насихаттайтын адамдардың жетегіне кетті. Оған қоса, рухани тығырық болған уақытта, олар сенімге кіріп, біреудің соңынан еріп кетеді. Оны әртүрлі атауға болады. Біреулер бахави десе, енді бірі салафи деп атайды. Исламға келгенімен, ішкі форма сәйкес келмейді. Ғалымдар исламда екі түрлі өмір сүруге болады деп тегін айтпаса керек», - дейді Төреәлі Қыдыр.

Соңғы жаңалықтар